Қоғам

Танымал ақын Гүлзада Ниетқалиева өмірден өтті

Танымал ақын Гүлзада Ниетқалиева өмірден өтті

Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлзада Ниетқалиева 61 жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Гүлзада Ниетқалиева – 1966 жылы 1 маусымда Атырау облысы Құрманғазы ауданы Көптоғай ауылында туған. Гурьев педагогика институты тарих факультетінің түлегі. Филология ғылымдарының кандидаты. 1987 — 2000 жж. Атырау облысы Құрманғазы аудандық оқу бөліміне қарасты аудан мектептерінде ұстаздық қызмет жасады. 2000 — 05 жж. аралығында Атырау облыстық телевизиясында аға редактор, 2005 — 07 жж. «Ақ Жайық» апталық газетінде аға редактор, Облыстық «Қайсар» құқық қорғау органдарының газетінде бас редактор қызметін атқарды. Атырау облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінде мәдениет, білім, денсаулық бөлімі меңгерушісі болып қызмет етті.

«Ақбота күнді аңсаумен», «Айдың сүттей сәулесі», «Қарлығашы Қиғаштың», «Ардақтым», «Жүректегі жанартау», «Хазар қасидалары», «Аллажар» жыр-жинақтарының, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты ақын Есенғали Раушановтың шығармашылығы туралы «Тұма жырдың тұнығы» және жазушы- драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығы жайында жазылған «Дара», «Жалғыз атты жолаушы» монографиялық кітаптарының авторы. «Жүректегі иман гүлі» атты Жаратқанға мінәжат дастаны 2017 жылы Ұлыбританиядан жарық көрген.

2003 жылы ЮНЕСКО көле-мінде тойланған Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығы аясында Атырау облыстық телерадио компаниясында тележурналист болып қызмет ете жүріп, «Махамбет-200» телехабарлар сериясын жүргізді және «Қарой қасіреті» дастанын жазды. Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері.

 

Барлық жаңалық