Әнші Бағлан Әбдірайымов қайта шаңырақ көтерген өнердегі бауыры Мырзахан туралы жазды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Өнер иесінің сөзінше, әр адамның тағдыры әртүрлі.
"Бүгін Мырзаш бауырымыз шаңырақ көтерді. Елден сүйінші сұрап бөліскен қуанышымызға, өкінішке қарай, кейбір жандар жақсы тілек айтудың орнына өткенін қазбалап, өсекке айналдырып жатты.
Адамның тағдыры әртүрлі. Бірақ бәріміздің де бақытты болуға хақымыз бар. Біреудің қуанышына қуанып, «Бақытты болыңдар!» деп ақ батасын беру ешкімді аласартпайды. Керісінше, адамның өз ниетінің кеңдігін көрсетеді.
Бүгін Роза мен Айдана жеңгелері келінді екі жағынан демеп, ақ жол тілеп тұрды. Ниет – өздерінің берекелі шаңырағының, бақытты келіндік жолының үлгісі жұғысты болсын дегені. Осындай ізгі дәстүріміздің мәні де осында", деп жазды әнші.
Сонымен қатар өзінің үйленгеніне 16 жыл толғанын да атап өтті.
"Айтпақшы, дәл осы күні өзіміздің де үйлену тойымыз өткен екен. Міне, арада 16 жыл зырғып өте шығыпты. Шіркін, уақыт-ай!
Алла әр шаңыраққа береке, әр отбасыға бақ пен бірлік нәсіп етсін! Мырзаш бауырымыз бен келінімізге ұзақ ғұмыр, баянды бақыт, ұрпақ қызығын тілейміз!", деді ол.