🏛️ Саясат

Алатауда жаңа сот жүйесі құрылмақ: Тоқаев Үкіметке тапсырма берді

Алатауда жаңа сот жүйесі құрылмақ: Тоқаев Үкіметке тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласында сот жүйесін құрып, коммерциялық дауларды ағылшынның жалпы құқық жүйесіне негізделген инвестициялық сотта қарауды ұсынды. Үкіметке осыған қатысты заңнамалық түзетулерді 2027 жылғы қаңтардың соңына дейін Құрылтайдың қарауына енгізу тапсырылды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Жолдауда айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info. 

Президенттің сөзінше, жедел даму қаласы ретінде салынып жатқан Алатау инвестиция мен кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыруға тиіс.

Кез келген халықаралық юрисдикцияның ұзақ мерзімді тартымдылығын айқындайтын басты шарт – сот төрелігінің тиімділігі. Сондықтан Алатау қаласында сот төрелігінің сапасын жоғары деңгейде қамтамасыз ететін сот жүйесін құру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жаңа сот жүйесінің құрылымына да тоқталды. Оның айтуынша, инвестициялық сот ағылшынның жалпы құқық жүйесі үлгісімен коммерциялық істерді қарайды. Ал арнайы құқықтық режимге қатысты өзге мәселелер Азаматтық соттың құзыретіне беріледі.

"Үкімет 2027 жылғы қаңтардың соңына дейін “Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы” Конституциялық заңға тиісті түзетулерді Құрылтайдың қарауына енгізуі керек", – деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің инвестициялық мүдделері Конституциямен қорғалатынын еске салды.

"Барлық адал әрі абыройлы кәсіпкерлердің инвестициялық мүдделері ең күшті әрі сенімді құқықтық қорғау тетігімен – Конституциямен кепілдендірілгенін тағы да еске салғым келеді", – деп айтты Мемлекет басшысы.

Барлық жаңалық