Мектептегі оқушылардың қауіпсіздігі, педагогтердің құқығы, басшыларды тағайындау тәртібі мен білім сапасы қоғамда жиі талқыланады. Батыс Қазақстан облысында он жыл мектепте еңбек етіп, кейін аудандық білім бөлімінде әдіскер болған Мейрамгүл Боранбайқызы білім жүйесіндегі кемшіліктерді әлеуметтік желіде ашық көтеріп жүр.
Ол Ozgeris.info сайтына берген сұхбатында қызмет барысында кездескен қиындықтар, ауыл мектептерінің жағдайы, кадр саясаты, мұғалімдердің өз құқығын қорғаудағы кедергілері және жұмыстан босатылу себептері туралы айтып берді.
– Мейрамгүл Боранбайқызы, сіз ұзақ жыл білім саласында еңбек еттіңіз. Мұғалімдіктен мектеп директорының міндетін атқарушы қызметіне дейін көтерілдіңіз. Кейін аудандық білім бөлімінде де жұмыс істедіңіз. Еңбек жолыңыз қалай басталды? Білім саласындағы мәселелерді көтеруіңізге не түрткі болды?
– Еңбек жолымды Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Подстепное ауылындағы №1 жалпы орта білім беретін мектептен бастадым. Бұл аудан көлеміндегі ең үлкен мектептердің бірі, қазақ және орыс тілдерінде білім беретін аралас мектеп болатын. Негізгі мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Бірақ алғашқы жеті жылда өз мамандығым бойынша сабақ беру мүмкіндігі болмады. Себебі мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сағат жетіспеді. Алғашында тәрбиеші, кейін бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істедім, одан соң ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен айналыстым.
Бірнеше жылдан кейін басшылыққа өз мамандығым бойынша сабақ бергім келетінін айттым. Өйткені әр пәннің өзіндік оқыту әдістемесі бар. Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі бола тұра, математиканы кәсіби деңгейде оқыта алмаймын ғой. Сол сияқты бастауыш сыныптың да арнайы даярланған мұғалімі болуы керек. Өзім толық меңгермеген бағытта сабақ беріп, біреудің баласының білім алуына зиянымды тигізгім келмеді.
Мектеп басшылығы жаңа оқу жылында сағат беретінін айтып, уәде етті. Тіпті жазғы демалыс кезінде директордың хатшысының орнына уақытша жұмыс істеуді ұсынды. Оған да келістім. Бірақ оқу жылы басталғанда тағы да сағат бөлінбеді. Оның орнына дефектолог болып жұмыс істеу ұсынылды. Бастапқыда бұл қызметті атқара алатыныма күмәндандым, өйткені тиісті мамандық бойынша білім алмағанмын. Кейін сертификат алуға болатынын айтты. Сөйтіп, сертификат алып, үш жыл осы бағытта жұмыс істедім, біліктілік санатымды да қорғадым.
Ол кезде мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибелі мұғалімдер болды. Солардың сағатына таласып, біреудің нәпақасына ортақтасқым келмеді. Сондықтан бұл мәселені қайта-қайта көтере бермедім.
Жетінші жылдан кейін өз мамандығым бойынша сабақ беруге мүмкіндік туды. Кейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі бола жүріп, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Одан соң мектеп директорының міндетін уақытша атқардым. Осылайша, бір мектепте он жыл еңбек еттім.
Сол уақыт ішінде көп нәрсені көрдім, үйрендім. Қазір әртүрлі қызмет атқарғаныма өкінбеймін. Керісінше, балалармен жұмыс істеудің түрлі тәсілдерін меңгердім. Бірақ соңғы үш жылым күреспен өтті десем болады. Мектептегі кемшіліктерді көріп тұрып, үндемей қалу мен үшін қиын еді.
– Сіз мектепте жұмыс істеген кезіңізде оқушылардың тәртібі мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді жиі көтергеніңізді айттыңыз. Нақты қандай жағдайларға тап болдыңыз? Бұл мәселелерді басшылыққа жеткізгенде қандай жауап алдыңыз?
– Мектепте балалардың әжетханасынан электронды темекілерді тауып алатын жағдайға жеттік. Оқушылар әжетханаға барған болып, сол жерде темекі шегетін. Тіпті мектеп ішінде ішімдік ішкен балаларды анықтаған кездеріміз болды. Ал алтыншы-жетінші сынып оқушыларының, оның ішінде қыздардың да, ұлдардың да мектеп маңында темекі шегіп тұрғанын көрдік.
Оқушылар арасындағы төбелес те жиілеп кетті. Балалардың бір-біріне дене жарақатын салған, аяқ-қолын сындырған жағдайлары болды. Сондай төбелестердің бірінде өз ұлым да жарақат алып, ауруханаға түсті. Осындай оқиғаларды көріп отырып, қалай үндемей қалуға болады? Мен үшін мектеп тек білім беретін орын емес, баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне жауапты мекеме.
Сондықтан мектеп әкімшілігіне барып, оқушылардың тәртібіне қатысты талаптарды күшейтуді, тәрбие сағаттарын жүйелі өткізуді ұсындым. Ата-аналар жиналысын ұйымдастырудың жолдарын айтып, нақты жоспарларымды да көрсеттім. Бірақ ұсыныстарым қолдау таппады. Керісінше, кейбір басшылар маған «Бізге ақыл айтатын сен кімсің?» дегендей қарайтын.
Кейбір ата-аналар тарапынан да қарсылық болды. Мектептегі кемшіліктерді айтып, тиісті шара қабылдауды талап еткенім үшін өзім дауға қалдым. Ақырында қысымға тап болдым, бір жылға жуық уақытым соттасумен өтті. Менің түсінгенім, кейде мектепте мәселені шешуден гөрі, сол мәселені көтерген адамнан құтылу оңайырақ көрінеді.
– Жақсы, түсінікті. Бұған дейін аудандық білім бөліміне әдіскер болыпсыз. Бұл қызметте мектептердің жұмысын сырттай бағалауға мүмкіндік алдыңыз. Ал аудан мектептерін аралаған кезде қандай кемшіліктерді байқадыңыз?
– 2024 жылдың қыркүйегінде Теректі аудандық білім бөлімінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша әдіскердің бос орнына конкурс жарияланды. Соған қатысып, жұмысқа орналастым. Аудандық білім бөліміне қарасты 35 мектеп бар. Жұмысқа кіріскеннен кейін мектептерді аралап, олардың жағдайымен таныса бастадым.
Шынымды айтсам, бұрын өзім жұмыс істеген мектептегі мәселелерді көріп жүрсем де, басқа білім беру ұйымдарындағы жағдай мұншалықты күрделі деп ойламаппын. Кейбір мектептерге бірнеше жылдан бері тексеріс жүргізілмегенін байқадым. Құжаттардың жүргізілуінен бастап, сабақтардың ұйымдастырылуына дейін көптеген кемшілік кездесті. Тіпті мүлде өткізілмейтін сабақтар бар екенін анықтадым.
Менің білім бөліміне орналасуым кейбір мектеп директорларына ұнамады деп ойлаймын. Өйткені мектептердегі кемшіліктерді ашық айтып, оларды жоюды талап еттім. Егер бәрі талапқа сай болса, тексерістен қорқудың қажеті жоқ қой. Ал кемшіліктерді жасыруға тырысқан адамдар менің жұмысымды қолдамады. Керісінше, қызметтен кетуіме мүдделі болды деп есептеймін.
Мен қандай қызмет атқарсам да, жұмысыма жауапкершілікпен қараймын. Білім бөлімінде жүргенде де балалардың жағдайын бірінші орынға қойдым. Бірақ сол үшін тағы да басшылықпен келіспеушіліктер туындады.
– Сіз ауыл мектептерінің материалдық жағдайына қатысты да өткір мәселелер көтеріп жүрсіз. Тіпті оқушыларға кабинет жетіспейтін мектепте бөлменің шаштаразға берілгенін айттыңыз. Мұндай жағдай қалай анықталды?
– Мектептерді аралаған кезде таңғаларлық жағдайларға тап болдым. Мысалы, бір мектепте оқушыларға кабинет жетіспей отырса да, білім беру ұйымының ішіндегі бөлме шаштаразға берілген екен. Құжаттарды қараған кезде әлгі бөлменің мектеп балансынан шығарылып, әкімдік балансына өткізілгенін анықтадым.
Бұл мәселені көтеруге тура келді. Өйткені мектептің өзіне қажет кабинетті басқа мақсатқа пайдалануға болмайды деп есептеймін. Кейін тиісті орындарға жүгініп, кабинетті мектеп балансына қайтаруға қол жеткіздік. Осы жағдай тіпті жаңалықтарда да жарияланды. Бірақ мәселені көпшілікке жеткізудегі мақсатымыз біреуді қаралау емес, мектепке тиесілі мүлікті балалардың игілігіне қайтару болатын.
Бұдан бөлек, отыз жылға жуық жөндеу көрмеген мектептерді кездестірдім. Кейбірінің есігінен жел соғып, терезелеріне мұз қатып тұратын. Соған қарамастан, құжат жүзінде мектептер жылыту маусымына дайын деп көрсетілетін. Ал шын мәнінде кейбір білім беру ұйымдарындағы қазандықтар әбден ескірген, ұзақ жыл пайдаланылғандықтан тот басқан.
Осындай мәселелерді облыстық білім басқармасына дейін жеткіздім. Басқарма басшысының орынбасары Темірхановамен де бірнеше рет келіспеушілік болды. Қазандықты өзіме сұрап жүргендей, қайта-қайта талап етуіме тура келді. Ақырында қажетті жабдықты алуға қол жеткіздік.
Осындай мәселелерді айтқан сайын кейбір басшыларға жақпай қалдым. Бірақ мен үшін ең бастысы – балалардың қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда білім алуы.
– Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованы әлеуметтік желідегі жазбаларыңызда жиі белгілеп, білім саласындағы мәселелерді ашық көтеріп жүрсіз. Министрге тікелей жүгінуіңізге не себеп? Қандай мәселенің шешілуін талап еттіңіз?
– Мен министрге ең алдымен Магистраль мектебінің жағдайын жеткіздім. Бұл – жаңа салынған мектеп. Бірақ құрылыс сапасына қатысты үлкен сұрақтар бар. Мектептің қабырғалары жыл сайын көктем мен күз мезгілдерінде жарылып тұрады. Тіпті бір жолы балалар сабақта отырған кезде қабырға тарс етіп жарылған. Оқиға кезінде оқушылар мектеп ішінде болған. Мұндай жағдай ата-аналардың да алаңдаушылығын туғызды.
Мен мектептің жағдайын өз көзіммен көрдім, суреттерін түсірдім. Әлеуметтік желіде де жариялап, бейнежазба арқылы көрсеттім. Мектептің едені тегіс емес, соның салдарынан оқушылардың парталары қисайып тұрады. Бір партада отырған екі баланың бірі жоғары, екіншісі төмен отырғандай көрінеді. Оның үстіне балаларға арналған ойын алаңы да жасақталмаған.
Жаңа мектептің жағдайы осындай болса, оның құрылысын кім қабылдады, сапасына кім жауап береді деген сұрақ туындайды. Ең бастысы, мұндай ғимаратта балалардың қауіпсіздігі қаншалықты қамтамасыз етілген?
Осы мәселеге байланысты облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллинмен бірнеше рет келіспеушілік болды. Мен оған ауыл балалары барлық жағдайы жасалған, қауіпсіз мектепте білім алуға лайық екенін айттым. Балалардың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы керек деп талап қойдым.
Бірақ Елдос Сафуллин маған: «Сіз неге өзіңізге керегі емес нәрселерге мұрныңызды сұғасыз? Өз ісіңізбен айналысыңыз. Бұл құрылыс сіздің құзыретіңізге кірмейді», – деді.
Мен оған балалардың қауіпсіздігіне алаңдау үшін құрылыс саласының маманы болудың қажеті жоқ екенін айттым. Менің мамандығым – мұғалім. Сондықтан оқушылардың қандай жағдайда білім алып жатқанын білуге, олардың қауіпсіздігіне қатысты мәселе көтеруге ешкім тыйым сала алмайды деп есептеймін.

Мен бұл жерде жеке басымның қамын ойлап жүрген жоқпын. Жаңа мектеп салынған екен, онда балаларға да соған лайықты жағдай жасалуы керек. Ауыл балаларының қауіпсіз, қолайлы ортада сапалы білім алғанын қалаймын.
Мені таңғалдыратыны – министрліктің мұндай мәселелерге жеткілікті көңіл бөлмей отырғаны. Жұлдыз Сүлейменова балалардың қауіпсіздігі, сапалы білім алуы, мектептерде қолайлы жағдай жасау туралы жиі айтады. Сөйлеген кезде өте сенімді, өткір пікір білдіреді. Бірақ мен нақты іс жүзінде соған сай нәтиже көріп отырған жоқпын.
Менің білуімше, министрлік бұл мектептің жағдайынан хабардар. Сондықтан мәселенің неге әлі күнге дейін тиісті деңгейде шешілмегенін түсінбеймін. Бала қауіпсіздігі туралы айту бір бөлек, оны күнделікті жұмыста қамтамасыз ету мүлде басқа мәселе. Менің министрге қоятын басты талабым – осындай жағдайларды сөз жүзінде қалдырмай, нақты бақылауға алу.
– Сіз білім саласындағы мәселелерді ашық көтергеніңізді, басшылықпен бірнеше рет келіспеушілік болғанын айттыңыз. Кейін өзіңіз де қызметтен босатылған екенсіз. Бұған нақты не себеп болды?
– Мен үшін балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесі әрқашан бірінші орында болды. Өз жұмысыма жауапкершілікпен қарадым. Теректі ауданында соңғы жылдары шешілмей келген бірқатар мәселенің шешілуіне атсалыстым. Мұны білім басқармасы да жақсы біледі. Тіпті басқарма басшысы Жұлдыз Сафоулинаның өзі атқарған жұмыстарымды атап өткен. Оның бейнежазбасы да бар.
Мұны мақтану үшін айтып отырған жоқпын. Меніңше, бала үшін еңбек ету, өз міндетіңді адал атқару – әрбір педагогтің жауапкершілігі. Бірақ жұмыстан босатылған кезде осы еңбегімнің ешқайсысы ескерілмеді.
Мені қызметтен босатуға біліктілік санатымның лауазым талаптарына сәйкес келмеуі негіз болды. Кабинет меңгерушісі қызметіне қойылатын талаптарда «педагог-сарапшы» немесе «педагог-зерттеуші» санаты болуы керек екені көрсетілген. Бірақ бұл мәселе жұмысқа орналасқан кезде айтылған жоқ. Қызметке тағайындалып, бірнеше ай жұмыс істегеннен кейін ғана санатымның сәйкес келмейтіні алға тартылды.
Менің ойымша, бұл талапты жұмысқа қабылдаған кезде анықтау керек еді. Егер белгілі бір лауазымға нақты біліктілік санаты қажет болса, оны қызметкерге алдын ала түсіндіру қажет емес пе? Ал мен жұмыс істеп жүрген кезде атқарған қызметіме қатысты нақты кемшілік көрсетілген жоқ деп есептеймін. Соған қарамастан, алдын ала ескерту жасалмастан, жұмыссыз қалдым.
Менің жоғары білімім, дипломым, еңбек өтілім бар. Мектепте он жыл жұмыс істедім. Білім бөліміне келгеннен кейін де өзімді кәсіби тұрғыдан көрсетуге, нақты нәтижеге қол жеткізуге тырыстым. Сондықтан қызметкерді бағалағанда оның біліктілік санатымен қатар, атқарған жұмысына да назар аудару керек деп ойлаймын.
Әрине, әр лауазымға қойылатын талаптардың сақталуы маңызды. Бірақ ұйымдастыру бағытындағы жұмыстың нәтижесін тек санатпен өлшеу жеткіліксіз. Қызметкердің бастамашылдығы, жауапкершілігі, ұйымдастырушылық қабілеті және нақты қандай мәселелерді шеше алғаны да ескерілуі тиіс.
Бүгінде білім саласында жоғары біліктілік санатына ие бола тұра, өз ойын жүйелі жеткізе алмайтын немесе жұмысынан нақты нәтиже көрсете алмайтын мамандар да кездеседі. Ал кейбір қызметкерлер санаты жоғары болмаса да, тәжірибесімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленеді.
Сондықтан кадрларды бағалау жүйесі әділдікке, ашықтыққа және нәтижелілікке негізделуі керек деп есептеймін. Менің жағдайымда осы қағидалар қаншалықты сақталды деген сұрақ әлі де бар.
– Білім саласындағы кадр саясаты да жиі сынға ұшырайды. Сіз мектеп директорлары мен білім бөлімдерінің басшыларын тағайындауда тамыр-таныстық бар екенін айтып жүрсіз. Мұндай пікірге келуіңізге не себеп болды?
– Менің ойымша, білім саласындағы кадр тағайындау жүйесінде шешілмеген мәселе өте көп. Басшылық қызметке орналасу үшін конкурс өткізілгенімен, оның әділдігіне қатысты күмәнім бар. Өз тәжірибемде кейбір конкурстардың нәтижесіне сұрақ туғызатын жағдайларды көрдім. Кейде басшылыққа кәсіби біліктілігі жоғары маман емес, белгілі бір адамдарға жақын қызметкер тағайындалатындай әсер қалдырады.
Менің байқауымша, білім басқармасының басшысын тағайындау мәселесі облыстық әкімдік деңгейінде шешіледі, ал аудандық білім бөлімдерінің басшыларын таңдауға басқарма ықпал етеді. Мектеп директорларын тағайындауда да білім бөлімдері мен басқармалардың рөлі үлкен. Осындай жүйеде конкурс комиссияларының қаншалықты тәуелсіз жұмыс істейтініне күмәнім бар.
Мысалы, кейбір басшылар қызметке келгеннен кейін көп ұзамай орынбасарларын ауыстырады. Мен мұндай шешімдердің арасында өзіне жақын адамдарды тағайындау ниеті болуы мүмкін деп есептеймін. Келісім комиссиясы, аттестаттау комиссиясы сияқты құрылымдардың жұмысына да сұрақтарым бар. Өйткені олардың құрамына басшылыққа қарсы пікір айтпайтын адамдар енгізіледі деген күмәнім бар.
Егер комиссия мүшелері басшының шешіміне тәуелді болса, оның қорытындысы қаншалықты әділ болады? Меніңше, басшылық қызметке тағайындауда ең алдымен адамның білімі, тәжірибесі, ұйымдастырушылық қабілеті және балалардың алдындағы жауапкершілігі ескерілуі керек. Ал комиссиялардың жұмысы барынша ашық әрі тәуелсіз болуы қажет.
– Бұған қоса мектеп басшылығы өзіне қарсы пікір айтқан мұғалімдерге қысым көрсетуі мүмкін екенін айттыңыз. Мұндай қысым қандай жолдармен жасалады? Неліктен педагогтер өз құқықтарын ашық қорғауға қорқады?
– Менің тәжірибемде мектеп басшылығының шешіміне қарсы шыққан адамға жұмыс істеу қиынға соғатын жағдайлар кездесті. Кейде басшының айналасында өзін қолдайтын мұғалімдер тобы болады. Егер бір қызметкер басшылықтың шешімімен келіспесе, оған қарсы сол ұжымдағы адамдарды пайдалануы мүмкін. Мұнымен мәселе шешілмесе, ата-аналар тарапынан наразылық туындайды. Ақырында әлгі адам жұмыстан кетуге мәжбүр болатын жағдайлар бар деп есептеймін.
Сондықтан көптеген мұғалім күрескеннен гөрі, тыныш жүріп, жұмысын сақтап қалуды жөн көреді.
Мұғалімнің жағдайын да түсінуге болады. Бүгін жұмыстан айырылса, ертең сотқа жүгінуіне тура келеді. Ал сот процесі бірнеше айға, кейде бір жылға дейін созылуы мүмкін. Сол уақыт ішінде адамның күнкөрісі не болады? Оның несиесі, отбасы, бала-шағасы бар. Қазіргі қымбатшылық кезінде жұмыссыз отыру оңай емес. Оның үстіне сотта міндетті түрде жеңіске жететініне ешкім кепілдік бермейді.
Менің өзім де соттасудың қаншалықты қиын екенін көрдім. Сондықтан мұғалімдер көп жағдайда өз құқығы бұзылып жатқанын сезсе де, үндемеуге мәжбүр болады. Кейбірінің сабақ сағаты қысқартылады, кейбірі басшылық тарапынан түрлі қысымға тап болады. Осындай жағдайларды әлеуметтік желіде де көтеріп жүрміз.
– «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғанына бірнеше жыл болды. Сіздіңше, бұл заң мұғалімдердің құқығын қаншалықты қорғай алды? Бүгінгі педагог өз пікірін еркін айтып, кәсіби шешімді дербес қабылдай ала ма?
– Менің ойымша, педагог мәртебесі заң жүзінде бекітілгенімен, іс жүзінде толық қамтамасыз етілген жоқ. Қазір мұғалімнің басшылыққа қарсы пікір айтуы өте қиын. Көпшілігі жұмысынан айырылып қалудан немесе қысым көруден қорқады.
Мен өзім келісетін нәрсемен келісемін, келіспейтін нәрсемен келіспейтінімді ашық айтамын. Бірақ сол үшін талай қиындыққа тап болдым. Сондықтан басқалардың неге үндемейтінін түсінемін. Мұғалім басшының тапсырмасымен келіспесе де, оны орындауға мәжбүр болатын жағдайлар бар деп есептеймін.
Тіпті баға қою мәселесінде де мұғалімнің еркіндігі шектелетін кездер кездеседі. «Төрт қой» десе төрт, «бес қой» десе бес қоюға мәжбүр болатын жағдайлар бар. Мұндайда педагогтің кәсіби дербестігі қайда қалады?
Мұғалім баланың білімін әділ бағалап, өз пәнін еркін оқытып, қажет кезде басшылыққа да пікірін ашық айта алуы керек. Бірақ мен көрген ортада бұл оңай болған жоқ.
Қазір кейбір мұғалімдер оқушыға да, ата-анаға да, мектеп басшылығына да өз талабын ашық қоя алмайды. Өйткені кез келген келіспеушілік өзіне қарсы пайдаланылуы мүмкін деп қауіптенеді. Сондықтан заңның қабылдануы бір бөлек, оның іс жүзінде орындалуы мүлде басқа мәселе. Егер мұғалім өз құқығын қорғай алмаса, оның мәртебесі туралы айтудың өзі қиын.
– Қазақстанда жыл сайын жаңа мектептер салынып, білім беру жүйесіне түрлі реформалар енгізіліп жатыр. Соған қарамастан білім сапасы, ауыл мектептерінің жағдайы және педагогтердің құқығы сияқты мәселелер әлі де өзекті. Сіздіңше, мемлекет білім саласындағы ең маңызды мәселелерге жеткілікті көңіл бөліп отыр ма?
– Меніңше, білім саласында ең алдымен баланың мүддесі ескерілуі керек. Бірақ қазіргі жүйеде қағаз жүзіндегі есеп пен түрлі жобаларға көбірек көңіл бөлінетіндей көрінеді. Министрлік тарапынан жаңа бастамалар мен реформалар жиі ұсынылады. Бірақ олардың мектептерге, мұғалімдерге және ең бастысы, оқушыларға нақты қандай пайда әкеліп жатқанын бағалау қажет.
Мен жұмыс барысында сабақтардың дұрыс өткізілмейтінін, мектептердің материалдық жағдайы талапқа сай келмейтінін, балалардың қауіпсіздігіне жеткілікті көңіл бөлінбейтінін көрдім. Осындай мәселелер шешілмей тұрып, жаңа жобаларды енгізе беру қаншалықты дұрыс?
Кейде білім беру саласы балаларға сапалы білім беруден гөрі, есеп беруге және түрлі жобаларды жүзеге асыруға көбірек бағытталып кеткендей әсер қалдырады. Мектепке келген бала 45 минут сабақта отырып, үйіне қайтумен шектелмеуі керек. Ол сол уақыт ішінде сапалы білім алып, өзін қауіпсіз сезініп, жан-жақты дамуға мүмкіндік алуы қажет.
Меніңше, білім жүйесіндегі өзгерістерді ең алдымен мектептердің нақты жағдайын жақсартудан, мұғалімдердің құқығын қорғаудан және басшылардың жауапкершілігін күшейтуден бастау керек. Білім саласында ең маңызды көрсеткіш – қағаздағы есеп емес, баланың алған білімі мен қауіпсіздігі.