🏛️ Саясат

«Ескі әдістер нәтиже бермейді»: Тоқаев геологиялық барлау саласын түбегейлі өзгертуді тапсырды

«Ескі әдістер нәтиже бермейді»: Тоқаев геологиялық барлау саласын түбегейлі өзгертуді тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның индустриялық-технологиялық тұрғыдан жедел дамуына қажетті тетіктерді әзірлеу керегін айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Президенттің сөзінше, геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі өзгертіп, жаңа кен орындарын іздеу барысында озық технологияларды қолдану қажет.

«Қазақстан – минералдар мен шикізатқа бай мемлекет. Бұл – біз үшін стратегиялық жетістік. Сондықтан геологиялық барлау  тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет. Жаңа кен орындарын бұрынғы заманнан қалған әдістермен іздеу оң нәтиже бермейтіні анық. Қазіргі таңда геологияны жоғары технологиялық сала ретінде мойындауымыз керек. Бізге озық технологиялардың көмегімен еліміздің жер қойнауын толыққанды зерттеп, деректердің ашықтығын және қолжетімді болуын қамтамасыз ету өте маңызды. Жаңа кен орындарын іздеу және барлау үдерісіне жеке қаражатты белсенді тартқан жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы айрықша маңызды металдардың рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Осыған байланысты халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, мұндай металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құру қажеттігін айтты.

«Аталған жүйеде тау-кен саласындағы жобаларды ұзақмерзімді қаржыландыруға мүмкіндік беретін нақты тетіктер болуға тиіс. Елімізде осы бағытта жұмыс істеп жатқан кәсіпорындармен оффтейк-келісімшарт жасау арқылы кепілді сұранысты қамтамасыз еткен жөн. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Осы мәселені кәсіпкерлермен бірлесе талқылап, жыл соңына дейін маған нақты ұсыныс енгізу қажет», – деді Президент.

Барлық жаңалық