Қоғам

Отбасылардың әл-ауқатын бағалайтын цифрлық жүйелер 1 желтоқсанға дейін біріктіріледі

Отбасылардың әл-ауқатын бағалайтын цифрлық жүйелер 1 желтоқсанға дейін біріктіріледі

Үкімет отбасылардың нақты жағдайын бағалау үшін мемлекеттік органдар мен екінші деңгейлі банктердің цифрлық жүйелерін 1 желтоқсанға дейін біріктіреді. Бұл жұмыс әлеуметтік көмектің атаулылығын арттыруға бағытталған,деп хабарлайды Ozgeris.info. 

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов халықты әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру және мемлекеттік көмекті азаматтардың нақты жағдайына қарай көрсету мәселесіне тоқталды.

«Азаматтардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру, адам капиталын дамыту және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау басты басымдықтар болуға тиіс. Бұл ретте әлеуметтік реформаларды терең талдаудың негізінде және азаматтардың жағдайын ескере отырып, барынша ойластырып жүргізу қажет», – деді Олжас Бектенов.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік қолдау шаралары пилоттық режимде кезең-кезеңімен енгізіледі. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, 1 желтоқсанға дейін цифрлық жүйелерді интеграциялау тапсырылды.

Сонымен қатар пилоттық жобаны іске қосуға және отбасылардың әл-ауқатын бағалау әдістемесін енгізуге қажетті нормативтік-құқықтық актілерді жедел қабылдау қажет.

Премьер-министр барлық деңгейдегі әкімдерге әлеуметтік саясаттағы жаңа тәсілдерді халыққа түсіндіру жұмысын жалғастыруды тапсырды.

Бұдан бөлек, Еңбек, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін арттыруды қамтамасыз етуі керек.

Барлық жаңалық