Футбол тарихында өшпес із қалдырған жұлдыздардың жетістігін таразыға салу оңай емес. Дегенмен France Football журналы «Алтын доп» сыйлығының 70 жылдығына орай ерекше дауыс беру ұйымдастырып, жанкүйерлерге футбол тарихындағы ең үздік марапатты таңдауды ұсынды. Нәтижесінде Криштиану Роналдудың 2008 жылғы «Алтын добы» бірінші орынға шықты, деп хабарлайды Ozgeris.info
B.O.A.T. атауымен өткен дауыс беруге «Алтын допты» кемінде екі рет жеңіп алған футболшылардың марапаттары ғана енгізілді. Онлайн форматтағы таңдауға қатысу құны бір еуро болған.
Қорытынды бойынша Роналдудың 2008 жылғы жетістігі жалпы дауыстың 75 пайызын жинады. Бұл марапат португалиялық жұлдыздың мансабындағы жаңа дәуірдің бастауы еді. Сол жылы ол «Манчестер Юнайтед» сапында Англия чемпионаты мен Чемпиондар лигасын жеңіп, әлемдік футболдың алдыңғы қатарына шықты. Кейін Роналду «Алтын допты» тағы төрт рет иеленді.
Үздік ондықта Криштиану Роналдудың бес, Лионель Мессидің де бес марапаты бар. Бұл екі футболшының ұзақ жылдар бойы әлемдік футболдағы басты тұлғаларға айналғанын тағы бір мәрте аңғартады.
Айта кетейік, B.O.A.T. атауы ағылшын тіліндегі «барлық уақыттың үздігі» деген мағына беретін G.O.A.T. тіркесіне негізделген. Ал 2008 жылғы «Алтын доптың» көш басына шығуы Роналдудың сол маусымдағы тарихи жетістігінің футбол жанкүйерлері жадында әлі де айрықша орын алатынын көрсетеді.