«Жігіттер» тобының продюсері Ерғали Әбдірайымов топ мүшесі, әнші Мырзахан Махановқа бақыт тілеп, жазба жариялады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Әнші Ұлжалғас есімді арумен шаңырақ көтеріп, беташар тойын өткізді.
«Мырзахан баламыз сүйгенімен қосылып, баянды да бақытты ғұмыр кешсін! Екі жастың махаббаты мәңгілік болып, бір-біріне деген сезімдері күннен-күнге арта берсін. Қол ұстасып, өмірдің бар қызығы мен қуанышын бірге көріп, шаңырақтары шаттыққа, жүректері махаббатқа толсын! Алла қос ғашықтың жолын ашып, ниеттеріне жеткізсін! Әумин!» – деп жазды продюсер.
Айта кетейік, әнші Мырзахан Маханов екінші рет үйленді. Желіде осыған қатысты қызу талқы жүріп жатыр. Оның алғашқы некесінің неліктен сәтсіз аяқталғанын Ерғали Әбдірайымов 2023 жылы El.kz ақпарат агенттігінің YouTube-тегі «Базарlike» бағдарламасында айтып берген.
«Мырзахан үйленіп жатыр деп алты алашқа той жасадық. Екеуі 5-6 жылдай тұрды. Араларында сәби болмады. Ажырасуының бірінші себебі сол деп ойлаймын. “Алланың сынағы ғой” деп барынша сабырға шақыруға тырыстық. Мырзахан жақтан құдаларымыз да жақсы еді. Араласып жүрдік. Жастар ажырасып кетсе де, менің ойымша, аралары суыған жоқ. Мырзаханның өзі 35 жасқа келді. “Үйлен, болмаса келінмен бірге тұр” деп әлі де ақылымды айтамын. Бірақ бәрі уақыттың еншісінде», – деген еді Ерғали Әбдірайымов.