🤖 Digital

NVIDIA басшысының ұсынысы: Тоқаев ауыл шаруашылығына жасанды интеллект енгізуді қолдады

NVIDIA басшысының ұсынысы: Тоқаев ауыл шаруашылығына жасанды интеллект енгізуді қолдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы су тапшылығы мәселесіне тоқталып, Үкімет пен әкімдіктерге су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз етуді тапсырды. Президент ауызсуды мақсатсыз тұтынуға, соның ішінде автокөлік жуу орындарында пайдалануға жол бермеу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info Ақордаға сілтеме жасап.

Президент өз сөзінде ауыл шаруашылығына жасанды интеллект технологияларын енгізудің маңыздылығына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, өткен аптада Астанаға жұмыс сапарымен келген NVIDIA компаниясының басшысы Дженсен Хуанг Қазақстанның аграрлық секторында жасанды интеллектіні пайдалану туралы ұсыныс білдірген.

«Өткен аптада Астанада іссапармен болған NVIDIA компаниясының басшысы, жаңа толқындағы ірі кәсіпкер Дженсен Хуанг Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына жасанды интеллектінің тәсілдерін енгізетін кез келді деп, өз пікірін айтып кетті.

Меніңше, бұл – өте орынды ұсыныс. Оны жедел қарқынмен іске асыруымыз керек.

Еліміз осы белесті ойдағыдай еңсеріп алса, әлемдік ауқымдағы азық-түлік тапшылығы, яғни жаһандық ашаршылық туындаған жағдайда Еуразия азық-түлікпен қамтамасыз ететін негізгі орталық болуы әбден ықтимал екеніне күмән жоқ», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретін жер және су ресурстары жеткілікті екенін атап өтті. Алайда осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін суармалы егіншілікті кеңейтіп, заманауи технологияларды енгізу қажеттігін айтты.

 

Барлық жаңалық