Мемлекет басшысы Қазақстанның жаһандық өндіріс тізбегіне қосылуы, экспорттық саясат және өңірлердегі өндіріс орындарын дамыту мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Президенттің айтуынша, Қазақстанның жаһандық өндіріс тізбегіне қосылуы үшін стратегиялық серіктестік орнатып, экспорттық саясатты осы мақсатқа сай жүргізу қажет.
«Сондай-ақ сарапшылар мен мамандардың пікіріне сүйенсек, ұлттық түрлі-түсті және сирек кездесетін металдардың қорын қалыптастыру қажеттілігі пайда болып жатыр. Түпкі мақсат – елімізді жаһандық өндіріс тізбегіне қосу. Экспорттық саясатымыз да осы мақсатқа сай жүргізілуі керек. Үкімет бұл саладағы дамыған елдермен стратегиялық серіктестік орнатуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Президент жаңа кәсіпорындар жергілікті бизнеске кедергі келтірмеуі керегін атап өтті. Сондай-ақ инвестиция тарту кезінде әр аймақтың ерекшелігін ескеру қажеттігін айтты.
«Мәселен, елімізде металл өндіретін Qarmet деген ірі кәсіпорын бар. Соған қарамастан, тағы үш облыста дәл осындай өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Осы кәсіпорындардың өнімі нарықтың сұранысына ие бола ма? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ сияқты. Сондықтан осындай үйлесімсіз шешімдердің пайдасы күмәнді екеніне дау жоқ», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы өңірлердің бір ғана салаға немесе кәсіпорынға тәуелді болып қалмауы керегін айтты.
«Атап айтқанда, білім беру, қолданбалы ғылым, логистика, қызмет көрсету салаларын, сабақтас өндірістерді және технологиялық кәсіпкерлікті дамытқан жөн», – деді Президент.