Жаңалықтар

Президент Қазақстанда түсті және сирек металдардың ұлттық қорын қалыптастыру қажеттігін айтты

Президент Қазақстанда түсті және сирек металдардың ұлттық қорын қалыптастыру қажеттігін айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жаңа өндіріс орындарын ашу кезінде нарық сұранысын, өңірлердің экономикалық ерекшеліктерін және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың мүддесін ескеру қажеттігін айтты. Президент Qarmet компаниясын мысалға келтіріп, тағы үш облыста осындай өндіріс орындарын ашу жоспарының тиімділігіне күмән білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info Ақордаға сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, Қазақстанның минералдық ресурстарға бай болуы ел экономикасын дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Дегенмен бұл әлеуетті тиімді пайдалану үшін сирек кездесетін және түсті металдардың ұлттық қорын қалыптастыру, сондай-ақ еліміздің жаһандық өндіріс тізбегіндегі орнын нығайту қажет.

«Сондай-ақ сарапшылар мен мамандардың пікіріне сүйенсек, ұлттық түрлі-түсті және сирек кездесетін металдардың қорын қалыптастыру қажеттілігі пайда болып жатыр.

Түпкі мақсат – елімізді жаһандық өндіріс тізбегіне қосу. Экспорттық саясатымыз да осы мақсатқа сай жүргізілуі керек.

Үкімет бұл саладағы дамыған елдермен стратегиялық серіктестік орнатуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту барысында жергілікті бизнестің мүддесі назардан тыс қалмауы керектігін ерекше атап өтті. Оның сөзінше, жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы бұрыннан жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарына негізсіз кедергі келтірмеуге тиіс.

Осы ретте Президент еліміздегі ірі металлургиялық кәсіпорындардың бірі – Qarmet компаниясына тоқталды.

«Жаңадан ашылған кәсіпорындар жұмыс істеп тұрған жергілікті бизнес нысандарына орынсыз кедергі келтірмеуі керек. Инвесторларды тартқан кезде де осы мәселеге мән беріп, әр аймақты, әр саланы мұқият зерделеген жөн.

Қате шешімдердің салдары қандай теріс нәтижелерге әкеп соқтырғанын көріп отырмыз.

Мәселен, елімізде металл өндіретін Qarmet деген ірі кәсіпорын бар. Соған қарамастан, тағы үш облыста дәл осындай өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Осы кәсіпорындардың өнімі нарықтың сұранысына ие бола ма? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ сияқты. Сондықтан осындай үйлесімсіз шешімдердің пайдасы күмәнді екеніне дау жоқ», – деді Президент.

Мемлекет басшысы мұндай жағдайлардың алдын алу үшін мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты күшейту қажеттігін жеткізді. Оның пікірінше, өндірістік жобаларды жоспарлау кезінде әр өңірдің экономикалық әлеуеті мен басым бағыттары жан-жақты ескерілуі керек.

Сондай-ақ Президент Үкіметтің үйлестіруші рөлін күшейтуді тапсырды. Бұл ретте өңірлердің экономикасы бір ғана кәсіпорынға немесе белгілі бір өндіріс саласына тәуелді болып қалмауы маңызды.

«Мекемеаралық байланысты нығайтпасақ, экономикамыз өз әлеуетін жоғалтып алады. Әрбір аймақ өзінің басымдықтарын айқындап, соған сай жұмыс істеуі керек.

Осы мәселе бойынша Үкіметтің үйлестіру рөлін әлдеқайда күшейту қажет екені анық. Бірақ аймақтар жекелеген салаға немесе кәсіпорынға тәуелді болып қалмауға тиіс. Сондықтан өңірде негізгі саланы дамыта отырып, оның айналасында және ішінде де толыққанды біртұтас жүйе құру маңызды.

Атап айтқанда, білім беру, қолданбалы ғылым, логистика, қызмет көрсету салаларын, сабақтас өндірістерді және технологиялық кәсіпкерлікті дамытқан жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өндіріс орындарын дамыту тек жаңа зауыттар салумен шектелмеуі керек екенін атап өтті. Оның айтуынша, өнеркәсіптік жобалармен қатар кадр даярлау, ғылыми зерттеулер, көлік-логистика инфрақұрылымы және технологиялық кәсіпкерлік те қатар дамуға тиіс.

Мемлекет басшысы «Халықтық құрылыс» бастамасы өңірлерде осындай кешенді экономикалық жүйелер қалыптастыруға ықпал ететініне сенім білдірді.

«Халықтық құрылыс» әр аймақта осындай жүйе, яғни қазіргі тілмен айтсақ, экожүйе құруға оң ықпал ететініне сенім бар», – деді Президент.

Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдына инвестициялық жобаларды өңірлердің нақты қажеттілігімен үйлестіру, стратегиялық металдар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және өндірістің айналасында өзара байланысты экономикалық экожүйе қалыптастыру міндеттерін қойды.

 

Барлық жаңалық