Қоғам

Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін реформалау жоспарын әзірлеуді тапсырды

Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін реформалау жоспарын әзірлеуді тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, оны цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіге бейімдеу қажет екенін айтты. Президент Әкімшілігіне 2027 жылғы 1 маусымға дейін осы бағыттағы кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік органдардың жұмысындағы қайталанатын міндеттер мен басқару жүйесіндегі қарама-қайшылықтарды жасанды интеллект көмегімен жою қажет. Сондай-ақ мемлекеттік аппарат қағазбастылықтан толық арылып, шешім қабылдауға және дамуға кедергі келтіретін рәсімдер қысқартылуға тиіс.

Президент мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру қажеттігін де атап өтті. Оның пікірінше, мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеп, олардың Конституция талаптарын басшылыққа алып, ел мен халыққа адал қызмет етуін қамтамасыз ету керек.

Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару жүйесін өзгерту жекелеген шаралармен шектелмеуге тиіс екенін айтты.

«Бізге шынайы реформа қажет. Көзбояушылыққа жол беруге болмайды. Бұл – құқықтық және қаржылық шаралар қабылдауды талап ететін аса күрделі үдеріс», – деді Тоқаев.

Президенттің сөзінше, мемлекеттік басқару жүйесін жаңа экономикалық жағдайға бейімдеп, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект негізінде жаңғырту қажет.

Барлық жаңалық