Португалия құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы Нуну Манише FourFourTwo басылымына берген сұхбатында Криштиану Роналдудың футболдағы мансабын 29–30 жасында-ақ аяқтауға мүмкіндігі болғанын айтты. Алайда оның футболға деген құштарлығы мен үздік болуға деген ұмтылысы әлі күнге дейін алаңға шығуына түрткі болып келеді, деп хабарлайды Ozgeris.info
Нуну Манишенің сөзінше, Роналду сол жастың өзінде қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізіп, УЕФА Чемпиондар лигасын жеңіп алған еді. Соған қарамастан, португалиялық жұлдыз футболдан кетуді емес, мансабын жалғастырып, жаңа белестерді бағындыруды таңдады.
«40 жаста да ойнау үшін нағыз кәсіби маман болу және өз ісіңді терең құрметтеу керек. Мұндай жетістікке тек сәттіліктің арқасында жету мүмкін емес. Ол – жас ойыншыларға үлгі. Тек ақша туралы ойламай, шыңға жету үшін көп нәрсені дұрыс істеу қажет», – деді Манише FourFourTwo басылымына берген сұхбатында.
Сондай-ақ бұрынғы футболшы Роналдудың бәсекелестікті, өзінен барынша көп талап етуді және жұрт назарында болуды ұнататынын атап өтті.
«Ол 29 немесе 30 жасында мансабын аяқтай алар еді. Сол кезде-ақ қаржылық жағдайы тұрақты болды, Чемпиондар лигасын да жеңіп алған еді. Бірақ ол бәсекелескенді, өзінен барынша көп талап еткенді және жұлдыз болғанды ұнатады. Әлемдегі үздік ойыншы болғысы келеді әрі өзі туралы айтылғанын жақсы көреді. Бұл – оның болмысының бір бөлігі», – деді бұрынғы командаласы.
Айта кетейік, Криштиану Роналду кәсіби футболдағы мансабын ұзақ жылдар бойы жалғастырып, жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді. Оның еңбекқорлығы, тәртібі мен жеңіске деген құштарлығы футбол әлеміндегі жас ойыншыларға үлгі болып отыр.