Қоғам

Қазақстандық кәсіпкерлерге ЕАЭО елдерінде тендерге қатысу жеңілдей түседі

Қазақстандық кәсіпкерлерге ЕАЭО елдерінде тендерге қатысу жеңілдей түседі

Қазақстандық кәсіпкерлерге Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің мемлекеттік сатып алу нарығына шығу жеңілдейді. Бұл үшін қазақстандық банктер берген кепілдіктерді өзге мүше мемлекеттерде өзара тану көзделіп отыр. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Құрылтай отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info. 

 Министрдің айтуынша, ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізуді көздейтін хаттамада барлығы 30 түзету қарастырылған. Олар ішкі нарық, мемлекеттік сатып алу, техникалық реттеу, қызметтер саудасы, бәсекелестік, электр энергетикасы және көлік салаларын қамтиды.

 «Хаттамада банктік кепілдіктерді өзара тану бекітіледі. Бұл отандық кәсіпкерлерге қазақстандық банктің кепілдігі болған жағдайда одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік сатып алу нарықтарына шығуға мүмкіндік береді. Бұған дейін басқа мүше мемлекеттердің банктерінен кепілдік алу талап етілген», – деді Арман Шаққалиев.

 Сондай-ақ хаттама Еуразиялық экономикалық комиссияның одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді саралау және оларды жою жөніндегі өкілеттігін нақтылайды. Бұдан бөлек, кедендік баждарды төлеуге қатысты ақпарат алмасу нормаларының қайталануын жою және бәсекелестік саласындағы комиссия шешімдерін мәжбүрлеп орындату тәртібін нақтылау көзделген.

 «Енгізілетін өзгерістер қайталанатын ережелерді жоюға, қолданыстағы тетіктерді нақтылауға және одақ шеңберіндегі жекелеген рәсімдердің ашықтығын арттыруға бағытталған», – деді министр.

 Арман Шаққалиевтің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 30,9 млрд доллар болған. Оның ішінде отандық тауарлар экспорты 10,1 млрд долларды құраған.

 Министр хаттаманы ратификациялау республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді талап етпейтінін айтты.

 

Барлық жаңалық