Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көтерілген мұғалімдердің жұмыс жүктемесін азайту, құқықтары мен кәсіби беделін қорғау мәселелері білім беру жүйесіндегі маңызды міндеттердің бірі болып отыр. "Жазушылар Одағының" мүшесі, қоғам белсендісі әрі 24KZ телеарнасының Атырау облысындағы меншікті тілшісі Асыланбек Шығырдың пікірінше, ұстаздардың уақытын артық есептілікке емес, оқушыға сапалы білім беруге бағыттау қажет. Ол білім саласындағы реформалардың тиімділігі ең алдымен мұғалімдердің еңбек жағдайынан көрінуі керек екенін атап өтті, – деп хабарлайды Ozgeris.info.
Асыланбек Шығырдың айтуынша, білім саласындағы өзгерістердің нәтижесі ең алдымен мұғалімнің күнделікті жұмысынан көрінуі керек. Қағаз түріндегі есептердің электронды форматқа ауысуы мәселені толық шешпейді. Егер педагог бұрынғыдай уақытын түрлі платформаларға мәлімет енгізуге жұмсаса, цифрландырудың тиімділігі төмендейді.
«Сондықтан цифрландырудың мақсаты есепті көбейту емес, керісінше мұғалімнің уақытын үнемдеу болуы қажет. Ұстаздың уақыты неғұрлым балаға, сабаққа және тәрбие жұмысына көбірек жұмсалса, білім сапасына да соғұрлым оң әсер етеді», – деді Асыланбек Шығыр.
Ол мұғалімдердің құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де назар аударды. Оның пікірінше, ұстаз мәртебесін көтеру тек әлеуметтік қолдау шараларымен шектелмеуі керек. Мектепте педагогке құрмет көрсетіліп, оның кәсіби беделі мен заңды құқықтары қорғалуы маңызды.
«Ұстазға құрмет көрсету тек сөз жүзінде емес, мектептегі нақты қарым-қатынастан көрінуге тиіс. Оқушы тарапынан мұғалімге дөрекілік көрсету немесе күш қолдану фактілері болса, оған мектеп, ата-ана және қоғам бірлесіп жауапкершілікпен қарауы керек. Сонымен бірге мұндай жағдайда мұғалімді жалғыз қалдырмай, оның заңды құқығы мен абыройын қорғау – білім беру жүйесінің маңызды міндеті», – деді ол.
Асыланбек Шығыр мұғалімдердің еңбек жағдайын жақсарту мен білім сапасын арттыруды бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайтынын атап өтті. Оның пайымынша, ұстаздың уақытын үнемдеу, артық есептілікті қысқарту және мектептегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету білім беру жүйесіндегі өзгерістердің басты өлшемдерінің бірі болуы тиіс.
«Өйткені мұғалімге жағдай жасау – тек ұстаздың мәселесін шешу емес. Бұл – сапалы білім алып, саналы ұрпақ қалыптастыруға жасалған инвестиция», – деп түйіндеді Асыланбек Шығыр.