📰 Сарапшылар пікірі

Нұртөре Жүсіп: «Ұрпақ мықты болмай, ұлт көші жаңа арнаға түсе қоймайды»

Нұртөре Жүсіп: «Ұрпақ мықты болмай, ұлт көші жаңа арнаға түсе қоймайды»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерілген бастамалар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді. Осылай деп пікір білдірген Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп Президенттің инфрақұрылымды жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау және білім беру саласындағы міндеттеріне ерекше назар аударды, деп хабарлайды Ozgeris.info. 

«Жолдау өмірдің өзекті мәселелеріне арналды», – деген ол 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау туралы ұсынысты қолдайтынын жеткізді.

«Бұл - дұрыс шешім. Құрылыс деген жасампаз сала. Жаңару мен жаңғырудың өзегі осында жатыр. Мәні тек жаңа ғимараттар салумен шектелмейді. Ең алдымен, халықтың күнделікті өміріне қажетті инфрақұрылымды жаңғырту, қалалар мен ауылдардың арасындағы даму алшақтығын азайту, әр азаматтың сапалы өмір сүруіне жағдай жасау көзделіп отыр», – деді Нұртөре Жүсіп.

Ол құрылыс жұмыстарының ауқымы ғана емес, оның халық тұрмысына тигізетін нақты әсері маңызды екенін атап өтті. Әсіресе, жолдарды жөндеу, елді мекендерді ауыз сумен және газбен қамтамасыз ету, тұрғын үй, аурухана, мектеп, мәдениет және спорт нысандарын салу өңірлердің әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

«Бұл бастама өңірлердің дамуына серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, отандық кәсіпкерлікті қолдауға және экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік беретіні анық», – деп бағалады ол.

Нұртөре Жүсіп мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына да тоқталды. Оның пікірінше, қолға алынған әрбір жоба халықтың күнделікті өмірінде сезілетін нәтижеге жеткізуі керек. Сонымен қатар ол шағын кәсіпкерлікке кедергі келтіретін тексерулерге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін қарастыру және кәсіпкерліктің дамуын тежейтін салықтық талаптарды қайта қарау бастамаларын Жолдаудың маңызды бағыттары ретінде атап өтті.

Пікір иесі білім беру саласындағы өзгерістерге де айрықша мән берді. Атап айтқанда, мұғалімдерді басы артық жұмыстан босату туралы Президенттің сөзін келтірді:

«Ұстаздың негізгі миссиясы — балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндетке кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек».

Нұртөре Жүсіптің пайымдауынша, ел болашағы үшін инфрақұрылымды дамыту мен экономиканы нығайту қаншалықты маңызды болса, сапалы білім мен саналы ұрпақ тәрбиелеу де соншалықты өзекті.

«Бүгінгі Жолдаудың негізгі мәні де осында деп білеміз. Ұрпақ мықты болмай, ұлт көші жаңа арнаға түсе қоймайды», – деп сөзін түйіндеді ол.

Барлық жаңалық