Қазақстан экономикасында мұнайға тәуелділікті азайтуға бағытталған өзгерістердің алғашқы нәтижелері байқала бастады. Мұнай өндірісі төмендегеніне қарамастан, өңдеу өнеркәсібі өсіп, экономикалық белсенділік сақталған. «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ сыртқы байланыстар менеджері, экономист Айбар Олжайдың пікірінше, бұл Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған экономиканы әртараптандыру міндетінің маңызын көрсетеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Экономистің келтірген деректеріне сәйкес, биыл мұнай өндірісі 8,3 пайызға төмендеген. Соған қарамастан, тоғыз айда өңдеу өнеркәсібі 8,6 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,2 пайызды құраған. Айбар Олжай мұны экономиканың біртіндеп шикізаттық тәуелділіктен арылып келе жатқанының белгісі деп есептейді.
«Биыл мұнай өндірісі бізде 8,3 пайызға құлады. Егер баяғы жағдайда қала беретін болсақ, онда біздің экономикамыз қысқаратын еді. Бірақ биыл экономикамыз қысқарған жоқ, өсуі мұнайға қарамайды. Сондықтан әртараптандырудың белгісі бар», – деді Айбар Олжай.
Экономиканы әртараптандырудың тағы бір маңызды бағыты – көлік-логистика саласын дамыту. Қазақстан халықаралық тасымал бағыттарын кеңейту арқылы сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндігін арттыруды көздеп отыр. Соның ішінде Солтүстік–Оңтүстік дәлізінің әлеуеті жоғары. Бұл бағыт Оңтүстік Азия елдерімен сауда байланысын нығайтып, Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Айбар Олжайдың айтуынша, Иранның Бендер-Аббас портында қазақстандық терминал салу жөніндегі келісім осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі саналады. Қазіргі тасымал көлемі 3,2 миллион тонна болса, алдағы мақсат – оны жылына 20 миллион тоннаға жеткізу. Мұндай өсімге қол жеткізу Қазақстанның халықаралық жүк тасымалындағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген еңбек өнімділігін арттыру мәселесі ауыл шаруашылығы үшін де өзекті. Сарапшының пікірінше, саланың болашағы егістік көлемін ұлғайтуға ғана емес, әр гектардан алынатын өнімді көбейтуге байланысты. Бұл жер ресурстарын тиімді пайдалануға, өндіріс шығындарын азайтуға және ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Экономист жасанды интеллектіні өндіріске енгізудің де маңызына тоқталды. Оның пікірінше, жаңа технологиялардың басты артықшылығы – үлкен көлемдегі ақпаратты талдап, тиімді шешім қабылдауға көмектесуі. Цифрландыру белгілі бір жұмысты жылдамдатуға мүмкіндік берсе, жасанды интеллект өндірістегі ықтимал нәтижелерді алдын ала бағалап, ресурстарды тиімді бөлуге жағдай жасайды.
«Жасанды интеллект — үлкен массивті деректі алып қарап отырып, соған қатысты тиімділік бойынша шешім қабылдау. Цифрландыру бұрын шешім қабылдамайтын, ол тек қана тездетіп беретін, ал жасанды интеллектінің логикасы мүлдем бөлек», – деді Айбар Олжай.
Сарапшының бағалауынша, Қазақстан экономикасының алдағы өсімі шикізат өндірісінің көлеміне ғана емес, өңдеу өнеркәсібінің дамуына, жаңа экспорттық бағыттардың ашылуына және технологиялық жаңаруға байланысты болмақ. Осы тұрғыдан алғанда, мұнай өндірісі төмендеген кезеңде экономикалық өсімнің сақталуы әртараптандыру саясатының алғашқы нәтижелерін көрсететін маңызды белгі саналады.