Қоғам

Астанада мұғалімдер мен халықаралық сарапшылар білім сапасын талқылап жатыр

Астанада мұғалімдер мен халықаралық сарапшылар білім сапасын талқылап жатыр

Астанада Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Мектеп және адами әлеует: сапалы білім және тең мүмкіндіктер» тақырыбындағы XV халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы басталды. Мерейтойлық жиынға 1700-ге жуық адам қатысып жатыр,деп хабарлайды Ozgeris.info.

Конференцияға АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Финляндия, Нидерланд, Үндістан, Жапония, Түркия және басқа елдерден 24 шетелдік спикер келген. Сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Әзербайжанның білім беру саласының өкілдері қатысып жатыр.

Екі күнге жоспарланған конференция аясында білім сапасын арттыру, оқушыларға тең мүмкіндік жасау, мұғалімдердің кәсіби дамуы және жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде қолдану мәселелері талқыланады. Бағдарлама 38 тақырыптық секцияны қамтиды.

Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой балалардың сапалы білім алуына жағдай жасаудың маңызын атап өтті.

«Әрбір бала тұрғылықты жеріне немесе отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білім алуға мүмкіндік иеленуі тиіс. Балалардың әлеуетін толық ашу үшін мемлекет, мектеп және ата-аналар бірлесе әрекет етуі қажет», – деді ол.

Құрылтайдың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау, әкімшілік жүктемесін азайту және цифрлық технологияларды тиімді пайдалану қажеттігіне тоқталды.

Ал «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин педагогтердің біліктілігін арттыру және NIS тәжірибесін ел мектептеріне тарату бағытындағы жұмыстарды атап өтті. Оның айтуынша, педагогикалық шеберлік орталығының курстарынан жүз мыңдаған мұғалім өткен. «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасының 400-ден астам түлегі қазір мектеп басқарып отыр. Бірлескен жобалар 300-ден астам мектепті, шамамен 240 мың оқушы мен 20 мыңнан астам мұғалімді қамтыған.

Конференцияның халықаралық спикерлері қатарында Бостон колледжінің профессоры Энди Харгривз, білім беру экономикасы саласының сарапшысы Гарри Патринос және финляндиялық когнитивтік нейроғылым зерттеушісі Катри Саарикиви бар. Олар мұғалім мамандығының болашағы, білімнің экономикалық дамуға ықпалы, жасанды интеллект дәуіріндегі мектептің рөлі және сапалы білімге қолжетімділік туралы пікір алмасады.

Бағдарламада пленарлық баяндамалар, практикалық сабақтар, шеберлік сабақтары, панельдік пікірталастар мен дөңгелек үстелдер қарастырылған. Сонымен қатар педагогтердің 120-ға жуық зерттеу жұмысы қойылатын постерлік көрме және білім беру саласындағы жаңа бастамалар мен цифрлық шешімдер таныстырылатын NIS Korme алаңы жұмыс істейді.

Мерейтойлық конференцияның бас демеушісі – Freedom Holding Corp. Шараға Halyk Bank те қолдау көрсетіп отыр.

Барлық жаңалық