Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ташкентке футбол жарысына барып, ауруханаға түскен қазақстандық балалардың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Министрдің мәліметінше, 15 баланың жағдайы тұрақты. Олар қажетті медициналық көмекті алып жатыр, ал емдеу шаралары Қазақстанда бекітілген хаттамаларға сәйкес жүргізілуде.
"Балалардың жағдайы тұрақты, қазір өміріне ешқандай қауіп жоқ. Олар біздің емдеу хаттамаларымызға сай ем алып жатыр. Бүгін вице-министр тағы да жиын өткізіп, әр баланың жағдайын қашықтан біліп отырды", – деді Әлназарова.
Қазіргі уақытта балаларды елге қайтару қажеттілігі жоқ. Алайда жағдай өзгерсе, Қазақстан оларды тасымалдауды ұйымдастыруға дайын. Осы мақсатта Шымкент пен Түркістан облысындағы ауруханаларда орындар әзірленіп, дәрігерлер мен дәрі-дәрмектер дайындалған.
Еске салайық, бұған дейін Ташкентте өткен Dostlik Cup 2026 халықаралық футбол фестиваліне қатысқан 15 қазақстандық жас футболшы таңғы астан кейін уланып, ауруханаға жеткізілген еді.