Қоғам

«Мектептегі кемшілік үшін мұғалімді жазалау тоқтатылуы керек!»: Министрлікке хат жолданды

«Мектептегі кемшілік үшін мұғалімді жазалау тоқтатылуы керек!»: Министрлікке хат жолданды

Мектептердегі ұйымдастырушылық және басқарушылық кемшіліктер үшін жауапкершілікті мұғалімдерге жүктеу тәжірибесін тоқтату қажет. Осы мәселені көтерген білім беру саласының өкілі Мейрамгүл Боранбайқызы Оқу-ағарту министрлігіне ресми хат жолдап, мектеп директорларының жауапкершілігін күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды Ozgeris.info

Мейрамгүл Боранбайқызының айтуынша, бүгінде мектепте орын алған түрлі кемшіліктер үшін көбіне қатардағы педагогтер жауапқа тартылып, кей жағдайда жұмысынан айырылып жатады. Ал оқу процесін ұйымдастыруға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және ұжым жұмысын үйлестіруге жауапты мектеп басшыларының әрекеті тиісті деңгейде бағаланбайды.

– Мектеп – бір ғана мұғалімнің жауапкершілігіндегі мекеме емес. Ол – басшысы, орынбасарлары, педагогтері және басқа да қызметкерлері бар тұтас жүйе. Ал сол жүйенің нәтижесі басқару тетігіне байланысты. Мектептегі ұйымдастырушылық кемшіліктер, оқу-тәрбие жұмысының дұрыс жолға қойылмауы, материалдық-техникалық жағдайдың талапқа сай болмауы, ішкі басқару жүйесіндегі олқылықтар үшін жауапкершілік көбіне мұғалімге жүктеліп, жұмыссыз қалуына дейін жетіп отыр, – дейді ол.

Ол өз хатында «Білім туралы» заңның 45-бабына назар аударған. Аталған бапқа сәйкес, білім беру ұйымының басшысы оқушылар мен қызметкерлердің құқықтарының сақталуына, оқу-тәрбие процесі кезіндегі өмірі мен денсаулығына, білім беру стандарттарының орындалуына және өз құзыретіндегі міндеттердің атқарылуына жауапты.

Мейрамгүл Боранбайқызының пікірінше, мектептегі кемшіліктер анықталған жағдайда жауапкершілік әр қызметкердің нақты лауазымдық міндетіне қарай бөлінуі керек. Мұғалімнің негізгі жұмысы білім беру мен тәрбие болса, оқу процесін ұйымдастыру, қажетті жағдай жасау және ұжым жұмысын үйлестіру мектеп әкімшілігінің міндетіне жатады.

– Басшыны емес, мұғалімді жазалау білім сапасын көтермейді. Жауапкершілікті сезінбейтін біліксіз басшы өз кемшілігін қызметкеріне жаба салумен жеке басын арашалап қалғаны болмаса, балалардың қауіпсіздігі назардан тыс қалып отыр. Мұғалімнің мәртебесі тек сөз бен қағаз жүзінде емес, күнделікті еңбек қатынастарында да іс жүзінде қорғалуы керек, – деп атап өтті ол.

Хат авторы педагогтерге ата-аналардың шағымы арқылы қысым көрсету мәселесін де көтерген. Оның айтуынша, кейбір мектептерде мұғалімдерді қудалау үшін ата-аналардың арыз-шағымдары пайдаланылып, тіпті шағым түсіруге әдейі түрткі болатын жағдайлар кездеседі. Ол мұндай әрекеттер педагогтің кәсіби беделіне нұқсан келтіріп, еңбек құқығының бұзылуына әкелуі мүмкін екенін алға тартады.

Осыған байланысты Мейрамгүл Боранбайқызы министрліктен мектеп директорларының дербес жауапкершілігін күшейтуді, педагогтерді өз құзыретіне кірмейтін кемшіліктер үшін жазалауды тоқтатуды және мектеп басшылығы мен мұғалімдердің міндеттерін нақты ажыратуды сұрады. Сонымен қатар негізсіз тәртіптік жаза қолдану, қысым көрсету және жұмыстан босату жағдайларының алдын алу үшін талаптарды күшейтуді ұсынды.

Оның пікірінше, педагог мәртебесін қорғау тек заң қабылдаумен шектелмеуі тиіс. Мұғалімнің кәсіби ар-намысы мен қадір-қасиеті күнделікті еңбек қатынастарында, соның ішінде мектеп әкімшілігімен және ата-аналармен қарым-қатынас кезінде де қорғалуы қажет.

– Мұғалім білім сапасына жауап берсе, мектеп басшысы сол білім сапасын қамтамасыз ететін жүйенің дұрыс жұмыс істеуіне жауап беруі тиіс. Мұғалімді жазалау арқылы білім сапасын көтеру мүмкін емес. Білім сапасы әділ басқарудан, дұрыс ұйымдастырудан және ортақ жауапкершіліктен басталады, – деп түйіндеді Мейрамгүл Боранбайқызы.

Әзірге Оқу-ағарту министрлігінің аталған ұсыныстарға қатысты жауабы туралы мәлімет жоқ.

Барлық жаңалық