Қазақстанда «зікіршілер» жамағатының жетекшісі ретінде танылған Исматулла Мақсұмның есімі қайтадан қоғам назарында. Бұрынғы ізбасарларының сұхбаттарынан кейін оның атына кәмелетке толмағандарға қатысты ауыр айыптаулар айтылып, Ішкі істер министрлігі жарияланған мәліметтер бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оның діни ұстанымдарын қолдамайтынын мәлімдеді. Ауғанстаннан Қазақстанға келген, кезінде 14 жылға сотталған, кейін Ресей Президенті Владимир Путин мен АҚШ Президенті Дональд Трампқа үндеу жасаған Исматулла Мақсұм кім? Оның төңірегіндегі дау неден басталды және жаңа тергеудің мәні неде?
Ozgeris.info сайты ашық дереккөздерді зерделеп, оқиғалардың мән-жайына үңілді.
Ауғанстаннан келген діни жетекші Қазақстанда қалай танылды?
Исматулла Мақсұмның шын есімі – Исматулла Әбдіғаппар. Қазақстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ол 1948 жылғы 22 наурызда Ауғанстанда дүниеге келген. Діни білімді Пәкістанда алған. 1996 жылы Қазақстанға келіп, өзінің діни көзқарастарын насихаттай бастаған. Алматыда медресе ашып, «Төле би» қорын құрған. Өзін Қожа Ахмет Ясауидің рухани ілімін жалғастырушы ретінде таныстырған ол сопылық дәстүрге тән зікір салу рәсіміне ерекше мән берген. Уақыт өте келе оның айналасына топтасқан адамдар қоғамда «зікіршілер» деген атаумен белгілі болды.
Исматулла Мақсұмның Қазақстандағы алғашқы жылдары да дау-дамайсыз өткен жоқ. Бұған дейін ол туралы толыққанды жазған БАҚ-тар да болды. Мәселен, Total.kz сайтының зерттеуінде 1999 жылы Алматының Жетісу аудандық соты оны елден шығару туралы шешім қабылдағаны айтылады. Осыдан кейін ол Пәкістанға кеткен. 2001 жылы Қазақстанға қайта оралып, 2002 жылы ел азаматтығын алған. Дегенмен оның елден шығарылуына нақты қандай жағдай себеп болғаны және кейін азаматтықты қандай негізде алғаны жөніндегі бастапқы құжаттар ашық жарияланбаған. Сондықтан бұл оқиғаларға қатысты түпкілікті құқықтық қорытынды жасау қиын. Белгілісі – Қазақстанға алғаш келгеннен кейін бірнеше жыл ішінде оның қызметі мемлекеттік органдардың назарын аударған.
2001 жылы Исматулла Әбдіғаппардың бастамасымен «Сенім. Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігі құрылды. Ұйым арқылы діни-ағартушылық қызмет жүргізіліп, оның айналасына түрлі ортадан адамдар жинала бастады. Ізбасарлары арасында қарапайым азаматтармен қатар ғылым және білім саласының өкілдері де болған. Солардың бірі – техника ғылымдарының докторы, профессор Саят Ыбырай. Кейін оның есімі Исматулла Мақсұммен бірге қозғалған қылмыстық істе аталды. Бұл жағдай діни жетекшінің ықпалы тек діни білім алған адамдармен шектелмегенін көрсетеді. Жоғары білім мен ғылыми дәреженің болуы адамның белгілі бір рухани ұстазға ерекше сенім артуына кедергі емес. Бірақ сол сенім адамның өз бетінше ойлауына, шешім қабылдауына және жеке құқығын қорғауына қалай әсер ететіні – бөлек мәселе.
Исматулла Мақсұмның қызметін түсіну үшін сопылық дәстүр мен оның айналасында құрылған нақты қауымның арасын ажырату маңызды. Сопылық – ислам өркениетінде ғасырлар бойы қалыптасқан рухани бағыттардың бірі. Оның тарихы мен мәдени мұрасы бір адамның немесе бір ұйымның қызметімен өлшенбейді. Ал белгілі бір діни жетекшінің әрекеті, оның ізбасарларымен қарым-қатынасы және заң алдындағы жауапкершілігі жеке қарастырылуға тиіс. Сондықтан Исматулла Мақсұмға қатысты айтылған айыптауларды тұтас сопылық дәстүрге телу де, керісінше, сопылық мұраны оның барлық әрекетін ақтауға пайдалану да дұрыс емес.
14 жылға не үшін сотталды?
Исматулла Мақсұмның өміріндегі ең елеулі оқиғалардың бірі – 2011 жылғы қылмыстық іс. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2010-2011 жылдары оның айналасындағы қауымның қызметінен экстремизм белгілері анықталған. 2011 жылғы қазанда Исматулла Әбдіғаппар экстремизмге, ұйымдасқан қылмыстық топ құруға және заңсыз медициналық қызмет жүргізуге байланысты қылмыстар үшін 14 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұл істе профессор Саят Ыбырай да жауапқа тартылып, 12 жылға сотталған. Кейін, 2012 жылғы 7 маусымда, «Сенім. Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігінің қызметіне тыйым салынды.
Бұрынғы сот ісінің маңызды тұсы – айыптаулардың тек діни көзқарастарға қатысты болмауы. Қылмыстық істің құрамында ұйымдасқан қылмыстық топ құру және медициналық қызметті заңсыз жүргізу сияқты әрекеттер де қарастырылған. Демек, құқық қорғау органдары қауымның қызметін діни уағыз тұрғысынан ғана емес, нақты әрекеттердің заңға сәйкестігі жағынан да бағалаған. Дегенмен 2011 жылғы сот үкімін 2026 жылы жарияланған жаңа айыптаулармен шатастыруға болмайды. Бұрынғы қылмыстық іс бойынша сот шешімі қабылданған, ал қазіргі мәлімдемелердің шынайылығы әлі анықталып жатыр. Бұл екі жағдайдың құқықтық мәртебесі мүлде бөлек.
Исматулла Мақсұм тағайындалған жазаның толық мерзімін өтемеген. Бұқаралық ақпарат құралдарында оның 2019–2020 жылдары бостандыққа шыққаны жөнінде мәліметтер жарияланған. Бірақ босатылған нақты күні мен құқықтық негізі туралы ақпарат бірізді емес. ІІМ-нің 2026 жылы журналистерге берген жауабында оның қазіргі уақытта діни қызметпен айналыспайтыны көрсетілген. Соған қарамастан, бұрынғы ізбасарларының жария мәлімдемелері оның есімі мен қызметіне қатысты қоғамдық сұрақтардың әлі де бар екенін аңғартты.
Путин мен Трампқа неге үндеу жасады?
Исматулла Мақсұмның өмірбаянындағы ерекше оқиғалардың бірі – әлемдік державалардың басшыларына жолдаған бейнеүндеулері. 2020 жылғы 30 наурызда интернетте оның Ресей Президенті Владимир Путин мен сол кездегі АҚШ Президенті Дональд Трампқа арналған екі бейнежазбасы жарияланды. Үндеулердің мазмұны бір-біріне ұқсамайды, бірақ екеуінде де ол әлемдік саясаттағы оқиғаларды өзінің діни дүниетанымы арқылы түсіндіруге тырысады.
Владимир Путинге жолдаған үндеуінде Исматулла Мақсұм Ресейдегі мешіттерде зікір салуға мүмкіндік берілгені үшін ризашылығын білдірген. Ол мұны Ресейдің бас мүфтиі Талғат Тәжуддиннің бастамасымен байланыстырып, бұл іске Путиннің де ықпалы болды деп есептейтінін айтқан. Бірақ үндеудің ең назар аударарлық бөлігі – оның Имам Мәһди туралы пайымдары. Исматулла Мақсұм исламдағы ақырзаман туралы түсініктерде кездесетін Мәһдидің келуіне қатысты өз болжамын жеткізген. Тіпті Ресей Президентінің кейбір әрекеттерін осы діни түсінікпен байланыстырып, Путиннің Мәһдимен кездескен болуы мүмкін деген ойын айтқан. Бұл – оның жеке діни пайымы. Мұндай болжамды тарихи факт немесе жалпы мұсылман қауымы мойындаған тұжырым ретінде қабылдауға негіз жоқ.
Ал Дональд Трампқа арналған үндеуінде Исматулла Мақсұм америкалықтарды Құдайға дұға етуге шақырған бастаманы құптаған. Ол Құранның «Хужурат» сүресіндегі адамзаттың ортақ шығу тегі туралы аятқа тоқталып, адамдардың ұлты мен мемлекетіне қарамастан, түпкі негізі бір екенін айтқан. Трамптың діни құндылықтарға назар аударуын оң бағалап, мұндай бастаманы өзге мемлекет басшыларына үлгі ретінде көрсеткен.
Екі үндеудің мазмұнына қарағанда, Исматулла Мақсұм саяси көшбасшылардың әрекеттеріне діни мағына беруге бейім болған. Путинге қатысты сөзінде ақырзаман мен Мәһди туралы түсініктер басым болса, Трампқа үндеуінде дұға, сенім және адамзаттың бірлігі мәселесі қозғалған. Бірақ оның бұл үндеулерді нақты қандай мақсатпен жариялағанын кесіп айту қиын. Мұны өзінің діни көзқарасын халықаралық аудиторияға жеткізу әрекеті ретінде түсіндіруге болады. Дегенмен Путин мен Трамптың үндеулерді көргені немесе оларға жауап бергені туралы расталған мәлімет жоқ. Сондай-ақ бұл бейнежазбалар 2020 жылы жарияланғандықтан, оларды 2026 жылғы айыптаулармен тікелей байланыстыруға негіз жоқ.
Бұрынғы ізбасарлары қандай мәлімдеме жасады?
2026 жылғы қазанда Исматулла Мақсұмның есімі қайтадан ақпарат кеңістігіне шықты. Бұл жолы мәселе оның діни көзқарастарына емес, бұрынғы ізбасарларының жамағат ішінде болған оқиғалар туралы мәлімдемелеріне байланысты өрбіді. Әлеуметтік желілер мен интернет платформаларында бірнеше сұхбат жарияланып, діни қауымның ішкі өміріне қатысты ауыр айыптаулар айтылды. Әсіресе журналист Жанар Байсеміздің Ақылбек Жұмабековпен жүргізген сұхбаты қоғамда қызу талқыланды. Жұмабеков Исматулла Мақсұмның кәмелетке толмағандарға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны туралы мәлімдеді. Бұған дейін белсенді Абзал Достияровтың ақпарат алаңында да осыған ұқсас айыптаулар көтерілген.
Бұрынғы ізбасарлардың сөзінше, діни жетекшінің айналасындағы кейбір адамдар оның бойында ерекше қасиет бар деп сенген. Сұхбаттарда жасөспірімдердің жетекшінің бөлмесіне шақырылғаны, қорқыту мен психологиялық қысым болуы мүмкін екені туралы да айтылды. Кейбір жарияланымдарда ықтимал жәбірленушілердің саны жөнінде мәліметтер келтірілген. Бірақ бұл сандар да, баяндалған оқиғалар да ресми түрде расталған жоқ. Олардың қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін құқық қорғау органдары анықтауға тиіс.
Мұндай мәлімдемелердің қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызуы түсінікті. Әсіресе әңгіме кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі туралы болғанда, жарияланған әрбір дерек мұқият тексерілуі қажет. Бірақ айыптаудың ауыр болуы оның автоматты түрде шындық екенін білдірмейді. Сұхбат берген адамның сөзі – тексерілуге тиіс ақпарат көзі. Ал қылмыстың жасалғанын дәлелдеу үшін заңда белгіленген тәртіппен жиналған айғақтар, куәгерлердің жауаптары және басқа да материалдар қажет.
Осы жерде қоғам үшін маңызды тағы бір мәселе бар. Белгілі бір діни жетекшіге ерекше сенім артқан адам оның әрекеттеріне күмән келтіруге қиналуы мүмкін. Егер қауым ішінде ұстаздың сөзі жалғыз дұрыс пікір ретінде қабылданса, оған қарсы шығу психологиялық тұрғыдан ауыр болуы ықтимал. Мұндай тәуелділік діни ортада ғана емес, беделді тұлғаның ықпалы шектен тыс күшейген кез келген жабық топта кездесуі мүмкін. Дегенмен Исматулла Мақсұм жетекшілік еткен қауымда дәл осындай жүйе қалыптастырылғанын нақты дәлелдерсіз тұжырымдауға болмайды. Бұл да жарияланған мәлімдемелер аясында тексерілуі қажет мәселелердің бірі.
Тергеу басталды, бірақ бұл кінә дәлелденді деген сөз емес
Қоғамда тараған мәліметтерден кейін мемлекеттік органдар мәселеге назар аударды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті журналистердің сауалына берген жауабында жарияланған мәліметтер заңда көзделген негіздер болған жағдайда сотқа дейінгі тергеуді бастауға себеп бола алатынын түсіндірген. Кәмелетке толмағандарға қатысты ықтимал зорлық-зомбылық жөніндегі ақпарат құқық қорғау органдарының қарауына жолданған.
27 қазанда Ішкі істер министрлігі жарияланымдардағы деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады.
Ведомствоның ресми жауабында: «Жарияланымдағы деректерге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның аясында барлық мән-жай тексерілетін болады. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – делінген.
Бұл жауаптың әрбір сөзі маңызды. Өйткені ІІМ Исматулла Мақсұмның қылмыс жасағанын анықтағанын немесе оған ресми түрде күдік келтірілгенін хабарлаған жоқ. Министрлік интернетте жарияланған мәліметтерге қатысты тергеу басталғанын ғана растады. Яғни қазіргі кезеңдегі негізгі міндет – сұхбаттар мен жарияланымдарда айтылған оқиғалардың шынымен болған-болмағанын, келтірілген деректердің қаншалықты негізді екенін және қылмыс белгілерінің бар-жоғын анықтау. Тергеу барысында мәлімдеме жасаған адамдардың сөздері, ықтимал куәгерлердің жауаптары және басқа да дәлелдер тексерілуі мүмкін. Бірақ нақты қандай тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқаны жарияланған жоқ.
Осы тұста кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының оқиғаны жеткізу тәсілі де назар аудартады. Бірқатар жарияланымның тақырыбы мен мәтінінде Исматулла Мақсұмға қатысты айыптаулар дәлелденгендей әсер қалдыратын тұжырымдар кездеседі. Кейбірі тергеудің басталуын оның кінәсі анықталғандай көрсетсе, енді бірі бұрынғы ізбасарлардың мәлімдемелерін нақты болған оқиға ретінде баяндайды. Мұндай тәсіл журналистиканың кәсіби этикасына қайшы келуі мүмкін. Себебі ақпарат құралы айыптау мен дәлелденген фактінің, күдік пен сот үкімінің арасын нақты ажыратуға міндетті.
Қазақстан Конституциясында бекітілген кінәсіздік презумпциясына сәйкес, адамның кінәсі заңда белгіленген тәртіппен дәлелденіп, соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін ол кінәсіз деп есептеледі. Бұл қағида тек сот пен тергеу органдарына ғана емес, қоғамның ақпарат алу мәдениетіне де тікелей қатысты. Журналистің міндеті – қоғамға маңызды деректерді жасыру емес, оларды құқықтық мәртебесіне сай дәл жеткізу. Егер бұрынғы ізбасарлары белгілі бір адамға ауыр айып тақса, ақпарат құралдары оның кімнің мәлімдемесі екенін көрсетуі керек. Ал тергеу басталса, оның қандай деректерге байланысты жүргізіліп жатқанын нақтылау қажет. Тергеудің басталғанын адамның қылмысы дәлелденгенімен теңестіру дұрыс емес.
Бұл талап ықтимал жәбірленушілердің сөзін жоққа шығару дегенді білдірмейді. Керісінше, олардың мәлімдемелері жан-жақты әрі бейтарап тексерілуге тиіс. Әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық туралы ақпарат жарияланған кезде журналистердің жауапкершілігі арта түседі. Бір жағынан, ықтимал жәбірленушілердің жеке өмірі мен қауіпсіздігі қорғалуы керек. Екінші жағынан, айыпталған адамның кінәсі дәлелденбей тұрып, оны қылмыскер ретінде көрсетуге болмайды. Бұл екі талап бір-біріне қайшы емес. Екеуі де әділдік пен заңдылық қағидатынан туындайды.
Қазіргі уақытта тергеудің нақты қай бап бойынша жүргізіліп жатқаны, Исматулла Мақсұмның қандай процестік мәртебеге ие екені және оған ресми түрде күдік келтірілген-келтірілмегені жарияланған жоқ. Сондай-ақ оның қазіргі орналасқан жері туралы ресми расталған мәлімет жоқ. Сондықтан осы мәселелерге қатысты болжамдарды нақты дерек ретінде таратуға негіз жоқ. Жаңа істің мән-жайы тергеу барысында анықталуға тиіс.
ҚМДБ неге арнайы мәлімдеме жасады?
Исматулла Мақсұм төңірегіндегі дау діни ортада да талқыланды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазан айының басында арнайы мәлімдеме жариялап, оның және жақтастарының ҚМДБ-ға ешқандай қатысы жоқ екенін жеткізді. Басқарма олардың әрекеттері мен діни ұстанымдары өзінің ресми көзқарасына сәйкес келмейтінін атап өтті. Сондай-ақ бұған дейін де осы мәселеге қатысты ұстаным білдіргенін еске салды.
Діни басқарма исламда адамға зорлық-зомбылық көрсету, қорқыту, мәжбүрлеу және өзгенің құқығына қол сұғу ауыр күнә саналатынын мәлімдеді. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауидің есімі мен рухани мұрасын қандай да бір жеке тұлғаның немесе топтың өз мүддесіне пайдалануына болмайтынын ескертті. ҚМДБ азаматтарды өзін ғана дұрыс санап, адамдарды жеке тұлғаға тәуелді етуге және соқыр сенімге шақыратын орталардан сақ болуға үндеді.
Бұл мәлімдеменің мәні Исматулла Мақсұмның діни қызметін Қожа Ахмет Ясауи ілімімен байланыстырып келгенінен де көрінеді. Қазақ халқының рухани тарихында ерекше орын алатын Ясауи мұрасы адамгершілік, ізгілік, рухани тазалық және жауапкершілік ұғымдарымен сабақтас. Сондықтан оның есімін белгілі бір адамның жеке беделін арттыру немесе өз әрекеттерін ақтау үшін пайдалану қоғамда діни құндылықтардың бұрмалануына әкелуі мүмкін. Бірақ бұл жерде де тарихи сопылық дәстүр мен нақты діни қауымның қызметін бір ұғым ретінде қарастыруға болмайды.
ҚМДБ-ның ұстанымы діни жетекшіге сенім артудың да шегі болуы керек деген маңызды мәселені көтереді. Рухани ұстаздың беделі оның заң алдындағы жауапкершілігін жоймайды. Дінге сену адамның жеке еркіндігінен, қауіпсіздігінен немесе ар-ожданынан бас тартуы деген сөз емес. Керісінше, діни ортада адамның өз пікірін айтуына, күмән келтіруіне және қажет болған жағдайда көмек сұрауына мүмкіндік болуы тиіс.
Бұл оқиға қоғамға нені көрсетті?
Исматулла Мақсұмның өмір жолын қарастырғанда бірнеше маңызды кезең көзге түседі. Ол Ауғанстанда дүниеге келіп, Пәкістанда діни білім алған. 1996 жылы Қазақстанға келіп, медресе ашқан. 1999 жылы оны елден шығару туралы сот шешімі қабылданғаны жөнінде мәлімет бар. Кейін қайта оралып, Қазақстан азаматтығын алған. 2001 жылы қоғамдық бірлестік құрған, 2011 жылы ауыр қылмыстар үшін 14 жылға сотталған. Бостандыққа шыққаннан кейін 2020 жылы Путин мен Трампқа үндеу жасаған. Ал 2026 жылы оның бұрынғы ізбасарлары жариялаған мәлімдемелер жаңа тергеудің басталуына себеп болды.
Бұл оқиғалардың барлығын бір-бірімен тікелей байланыстырып, алдын ала қорытынды жасауға болмайды. Бұрынғы соттылық адамның кейінгі кез келген айыптау бойынша автоматты түрде кінәлі екенін білдірмейді. Сол сияқты белгілі бір діни жетекшінің көзқарасы қоғамға оғаш көрінуі оның қылмыс жасағанын дәлелдемейді. Құқықтық мемлекетте адамның әрекетіне баға оның беделіне, діни ұстанымына немесе бұрынғы өмірбаянына қарап емес, нақты дәлелдер мен заң талаптары негізінде берілуі керек.
Дегенмен бұл жағдай қоғамдағы діни сауаттылық пен жеке тұлғаға тәуелділік мәселесін қайта көтеріп отыр. Діни білімнің мәні тек рәсімдерді орындаумен немесе белгілі бір ұстаздың сөзін қабылдаумен шектелмейді. Адам өзінің құқығын түсініп, кез келген беделді тұлғаның әрекетіне сын көзбен қарай алуы қажет. Әсіресе кәмелетке толмағандар қатысатын діни ортада олардың қауіпсіздігі бірінші орында тұруға тиіс. Рухани тәрбие баланың еркіндігін шектеуге, қорқытуға немесе қандай да бір әрекетке мәжбүрлеуге негіз бола алмайды.
Бұл мәселеде мемлекет пен қоғамның ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдарының да жауапкершілігі жоғары. Қоғамдық қызығушылық туғызған әрбір айыптауды бірден ақиқат ретінде ұсыну ақпарат кеңістігінде жаңсақ түсінік қалыптастыруы мүмкін. Әсіресе әлеуметтік желідегі сұхбаттар мен жеке мәлімдемелердің жылдам таралуы журналистерден деректерді мұқият тексеруді талап етеді. Жарияланған ақпараттың шынайылығын анықтау, тараптардың ұстанымын көрсету және тергеудің нақты құқықтық мәртебесін түсіндіру – кәсіби журналистиканың басты міндеттерінің бірі.
Исматулла Мақсұм төңірегіндегі дау әзірге аяқталған жоқ. Бұрынғы ізбасарларының мәлімдемелері тексеріліп жатыр, ал жаңа айыптаулар бойынша түпкілікті құқықтық шешім қабылданғаны туралы ресми ақпарат жоқ. Сондықтан бұл оқиғаға қатысты ең маңызды сұраққа – жарияланған мәліметтердің қаншалықты шындыққа сәйкес келетініне тергеу нәтижесі жауап беруге тиіс.
Қоғамның әділдік талап етуі заңды. Бірақ әділдік тек ауыр айыптауларға назар аударумен шектелмейді. Ол ықтимал жәбірленушілердің құқықтарын қорғауды, жарияланған деректерді жан-жақты тексеруді және кінәсі дәлелденбеген адамға қатысты асығыс үкім шығармауды да қамтиды. Өйткені заң алдындағы жауапкершілік те, адамның ар-намысы мен құқығы да қоғамдық пікірдің ықпалына тәуелді болмауы керек.
Бұл оқиғадан шығатын басты қорытынды мынау: діни бедел ешкімді заңнан жоғары қоймайды, ал қоғамдық айыптау сот үкімінің орнын баса алмайды. Ақиқатты анықтаудың жалғыз жолы – нақты дерек, әділ тергеу және заңды шешім.