Жаңалықтар

Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі ұсталды

Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі ұсталды

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Жансейіт Қайнарбаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Бұған дейін әлеуметтік желілерде оның ұсталғаны және адам ұрлау ісіне қатысы болуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған. Бұл туралы Ozgeris.info сайты Stan.kz-ке сілтеп хабарлайды. 

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Жансейіт Қайнарбаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.  

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – делінген ҰҚК-нің ресми жауабында.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Қайнарбаевтың ұсталғаны және оның адам ұрлау ісіне қатысы болуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған. Алайда ведомствоның ресми жауабында оның ұсталғаны және болжамды қылмысқа қатысты мәліметтер нақтыланбаған.

Koza4kov_BOT Telegram-арнасының мәліметінше, Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Жансейіт Қайнарбаев кеше ұсталған. Онымен бірге бұл іс бойынша Самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекенов те өтіп жатыр. Қылмыстық іс "Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының адам ұрлауы" бабы бойынша тергеліп жатыр.

“Дереккөздің мәліметінше, кеше Ақтауда Жансейіт Қайнарбаев таныстарының бірімен кездескен. Кездесу барысында ер адам кетпек болғанымен, оны жібермей, "Lexus 600" көлігінде күштеп ұстап отырған. Дереккөздің болжамынша, Қайнарбаевқа бұл әрекетте Самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекенов пен оның адамдары көмектескен. Кейін олар ер адамды қала сыртына алып кетуге тырысқан. Алайда жолда сегіз адамнан тұратын топты ҰҚК-нің Маңғыстау облысы бойынша департаменті қызметкерлері ұстаған. Осы оқиғадан кейін Қайнарбаев пен Бисекенов те ұсталғаны хабарланды”, – делінген таралған ақпаратта. 

Кейін Koza4kov арнасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпаратты растағанын мәлімдеді. Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі адам ұрлау ісі бойынша күдікті деп танылған. Мәліметке сәйкес, олар Ақтаудан бір адамды күштеп алып кетуге тырысып, оның телефонын тартып алған.

Жансейіт Қайнарбаев 2024 жылғы ақпаннан 2026 жылғы қыркүйекке дейін Жаңаөзен қаласының әкімі болды. Кейін Маңғыстау облысы Қарақия ауданының әкімі қызметіне тағайындалды.

Ал 46 жастағы Манарбек Бисекенов Самбо федерациясында жоғары лауазымды қызмет атқарып қана қоймай, облыстағы түрлі спорт ұйымдарын басқарған. Сонымен қатар жасына қарамастан, жарыстарға қатысуын жалғастырған.

Барлық жаңалық