Спорт

«Семей» Чемпиондар лигасында «Барселонадан» ірі есеппен жеңілді

«Семей» Чемпиондар лигасында «Барселонадан» ірі есеппен жеңілді

Қазақстандық «Семей» футзал клубы Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі екінші матчында Испанияның «Барселона» командасымен кездесіп, 1:6 есебімен жеңіліс тапты, деп хабарлайды Ozgeris.info

Кездесу Словакияның Лученец қаласында өтті. Ойынға италиялық төреші Антонио Димундо бастаған қазылар алқасы төрелік етті.

«Семейдің» бас бапкері Сержи Альтисент алаңға Игита, Оразов, Педриньо, Фернан және Родригиньоны бастапқы құрамда шығарды. Сондай-ақ Кнейсс, Дедезиньо, Пиялы, Есенаманов, Төрегазин, Кандидо, Тұрсағұлов, Гомес пен Торрес те матчқа қатысты.

Ойынның 7-минутында Родригиньоның қателігін тиімді пайдаланған Эрик «Барселонаны» алға шығарды. Ал 18-минутта Игор Соуза испаниялық клубтың басымдығын арттырып, бірінші таймды 2:0 есебімен аяқтауға мүмкіндік берді.

Екінші таймның 25-минутында Дедезиньо бір гол соғып, «Семейдің» үмітін қайта жақты. Алайда екі минуттан кейін Адольфо Игитаның қақпадан алға шығуын пайдаланып, есепті 3:1-ге жеткізді. 28-минутта Сухейль Мухудин испаниялықтардың төртінші голын соқты.

33-минутта Педриньо қызыл қағаз алып, қазақстандық клуб қиын жағдайға тап болды. Осыдан кейін 34-минутта Эрик дубль авторы атанса, 40-минутта Антонио Перес кездесудің соңғы голын соқты. Нәтижесінде «Барселона» 6:1 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, екі ойыннан кейін «Семейдің» еншісінде үш ұпай қалса, «Барселона» алты ұпай жинады.

Қазақстандық клуб топтық кезеңдегі соңғы кездесуін сенбі күні Швейцарияның «Минерва» командасына қарсы өткізеді. Төрт команда бақ сынайтын топтан плей-офф кезеңіне үздік үш ұжым жолдама алады.

Барлық жаңалық