Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы мақұлданды,деп хабарлайды Ozgeris.info.
Құжаттың негізгі бағыттары туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады. Жоспар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының 12 бағыты бойынша 96 іс-шараны қамтиды және «Халықтық құрылыс» жалпыхалықтық құрылыс жылын жүзеге асыру, көлік және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, ТКШ жаңғырту, өнеркәсіп пен АӨК-ті қолдау, цифрлық шешімдер мен ЖИ технологияларын енгізуге бағытталған шаралар кешенін қарастырады. Жекелеген шаралар қатарына кәсіпкерлікті дамыту, салық және қаржы жүйелерін жетілдіру, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру, халықты әлеуметтік қолдауды күшейту, жалақыны көтеру және педагогтерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту кіреді. Сондай-ақ стратегиялық ресурстарды басқарудың жаңа тетіктерін қалыптастыру, капитал нарығын дамыту және заңнаманы жетілдіру де көзделген.
Дауыс беру нәтижесінде Президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы мақұлданды.
Әкімдіктерге өңірлердегі инфрақұрылымдық жобаларды сапалы жүзеге асырып, әлеуметтік нысандардың құрылысын, су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету тапсырылды.
Ұлттық экономика министрлігіне Үкімет аппаратымен бірлесіп, Президент Әкімшілігіне Мемлекет басшысының тиісті Жарлығының жобасын енгізу тапсырылды. Премьер-министрдің орынбасарлары өздеріне бекітілген Жоспардың жүзеге асырылуын қадағалауды және үйлестіруді қамтамасыз етеді.