Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Qarmet компаниясының жаңа сұрыпты прокат кешенінің құрылыс алаңына барды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Жоба іске қосылғаннан кейін кәсіпорын жылына 540 мың тоннадан астам дайын металл өнімін шығара алады. Кешеннің технологиялық серіктесі – Қытайдың CERI инжиниринг компаниясы.
Президентке жаңа цехта беріктігі жоғары А600 және А1000 санатындағы болат арматура, сондай-ақ бұрыштар, швеллерлер және өзге де сұранысқа ие металл өнімдері өндірілетіні баяндалды. Кешенде сағатына 100 тоннаға дейін металл өңдеуге қауқарлы жоғары өнімді қыздыру пеші орнатылған.
Жобаны іске асыру Qarmet компаниясының сұрыпты прокат өндірісін ұлғайтып, ішкі нарықтың импортқа тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорынның құрылыс саласындағы, соның ішінде атом электр станцияларын салуға қажетті металл өнімдерін жеткізу әлеуетін арттырады.
Қазіргі уақытта нысанда негізгі технологиялық жабдықтарды монтаждау және инфрақұрылым салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа цехты жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Айта кетейік, Qarmet компаниясының инвестициялық бағдарламасы 3,5 миллиард долларды құрайды. Қазір комбинатта төрт ірі жоба жүзеге асырылуда. Олар – №8 және №9 кокс батареяларының, сұрыпты прокат кешенінің, мырыштау және полимерлі жабын желісінің, сондай-ақ құю-илемдеу кешенінің құрылысы.
Компанияның стратегиялық жоспарына сәйкес, 2028 жылға қарай жылына 5 миллион тонна болат, 9 миллион тонна көмір және 5 миллион тонна темір рудасы концентратын өндіру көзделген. Сонымен қатар өнімнің өзіндік құнын төмендету, экологиялық көрсеткіштерді жақсарту және отандық металл өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті қойылған.