🏛️ Саясат

«Қорқорға шақыратын вице-министрлер ғайып болды»: экс-депутат 123 күн жұмыссыз жүргенін айтты

«Қорқорға шақыратын вице-министрлер ғайып болды»: экс-депутат 123 күн жұмыссыз жүргенін айтты

Экс-депутат Самат Нұртаза 123 күн жұмыссыз жүргенін айтып, бұрынғы әріптестерінің қарым-қатынасы өзгергенін жеткізді, деп хабарлайды Ozgeris.info. 

Бұрынғы Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза жұмыссыз жүргеніне 123 күн болғанын айтып, осы уақыт аралығында мемлекеттік қызметтегі таныстары мен әріптестерінің оған деген қарым-қатынасы өзгергенін жазды.

Оның айтуынша, кезінде «Сэм, братан!», «В любое время, Сәке!», «Всегда на связи, Самат Русланович!» деп, тіпті қорқор шегуге шақыратын вице-министрлер қазір хабарсыз кеткен.

«Өзім қоңырау шалсам, трубканы көтеретін әріптестер мен шенеуніктер телефон көтермейтін болды. Ең қызығы, “кім өзгерсе де, дәл осы адам өзгермейді-ау” деген адамдардың өзгергеніне куә болып отырмын», – деп жазды ол.

Нұртазаның пікірінше, мемлекеттік қызметтегі лауазымнан айырылғаннан кейін адамның қоғамдағы орны мен айналасындағы адамдардың қарым-қатынасы да өзгереді.

«Лауазым – көпшілік ойлайтындай нақты бір ақша, билік немесе кабинет емес. Лауазым – социумға керектігің, қоғамдағы өз орның. Сол орынды жоғалтпау үшін адам психологиялық майданда күресетін сияқты», – дейді экс-депутат.

Сондай-ақ ол жұмыссыз жүрген осы 123 күннің өзіне үлкен өмірлік сабақ болғанын атап өтті. Бұрынғы әріптестерінің арасынан қиын кезеңде байланысын үзбеген жандарға алғысын білдірді.

«Бұйырса, жұмысқа шығамын ғой. Бас аман болсын. Елдің алды болмасам да, соры емеспін, екі қолға бір күрек табылар», – деп түйіндеді Самат Нұртаза.

 

Барлық жаңалық