Алматының Түрксіб ауданында екі қабатты кафе ғимаратынан өрт шығып, құтқарушылар жарылу қаупі бар алты оттегі баллонын сыртқа алып шықты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Өрт таңертең ерте болған. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер ғимарат шатырының ашық жалынға оранғанын анықтады.
Барлау жұмыстары барысында кафенің қосалқы бөлмесі мен шатыры жанып жатқаны белгілі болды.
Жалынның көршілес ғимаратқа таралу қаупі туындаған. Алайда өрт сөндірушілер өрттің басқа нысанға өтуіне жол бермеді.
"Өртті сөндіру барысында құтқарушылар жану аймағынан әртүрлі көлемдегі алты оттегі баллонын сыртқа шығарып, олардың жарылу қаупінің алдын алды", – деп хабарлады министрлік.
Өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.