Қазақстандық кәсіпқой боксшы, Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов Өзбекстан өкілі Шохжахон Эргашевпен жекпе-жек өткізуге ниетті екенін мәлімдеді. Отандасымыз бұл айқасқа шығуға дайын екенін айтып, ұйымдастырушылардан қарсыласымен кездесуді талап етті, деп хабарлайды Ozgeris.info
Данияр Елеусіновтің бұл мәлімдемесін IBA Nomad промоушенінің баспасөз қызметі жариялаған.
«Маған дәл осы клоунды беріңіздер, егер ол сол жақтан болса. Басқа келісімшарттарға түкіргенім бар, мен рингке шығамын. Ең бастысы, қажетті соманы төлеңіздер», – деді қазақстандық боксшы.
Бұған дейін Шохжахон Эргашев желтоқсан айының басында Алматыда өтетін IBA Nomad 16 турнирінде шаршы алаңға оралатынын мәлімдеген болатын. Өзбекстандық боксшы кез келген қарсыласпен жұдырықтасуға дайын екенін жеткізген.
Ергашевтің бұл шақыруына қазақстандық тағы бір боксшы Төрехан Сабырхан да үн қатқан еді. Ол әлеуметтік желіде: «Шоу керек пе? Мен дайынмын!» – деп жазды.
Айта кетейік, Шохжахон Эргашевтің соңғы жекпе-жегі 17 қазанда Ташкентте өткен IBA Nomad 16 турнирінде ұйымдастырылды. Ол қазақстандық Дастан Бекенді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген. Жекпе-жек бокстың ережесі бойынша, ММА қолғаптарымен өткен.
Енді Данияр Елеусіновтің мәлімдемесінен кейін жанкүйерлер екі ел боксшылары арасындағы ықтимал кездесуді асыға күтіп отыр. Егер тараптар келісімге келсе, бұл жекпе-жек IBA Nomad турнирінің басты оқиғаларының біріне айналуы мүмкін.