Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Qarmet» АҚ басшылығымен кездесуде Теміртау қаласындағы трамвай қатынасын қалпына келтірудің маңызын атап өтті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Мемлекет басшысы бұл бастаманы қаланың дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған оң өзгерістердің бірі ретінде бағалады.
«Шын мәнінде, Теміртау үшін трамвай – замандарды байланыстыратын дәнекер іспеттес. Тұрғындардың трамвай қатынасын қалпына келтіру туралы талабын орындағаныңыз дұрыс болыпты», – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев комбинат басшылығына Теміртауды абаттандыру мәселесіне баса назар аудару қажеттігін бұрын да айтқанын еске салды. Оның сөзінше, қалада әлі де атқарылатын жұмыс көп болғанымен, оң өзгерістер байқалады.
Мемлекет басшысы Теміртау тұрғындарының табиғи газбен қамтамасыз етілуі мен халықтың көңіл күйінің жақсарғанын атап өтті. Сондай-ақ еңбек ұжымындағы ахуалдың да оң бағытта өзгеріп келе жатқанын жеткізді.
«Ең бастысы, жағымды үдеріс бар. Біз комбинатты міндетті түрде прогресс пен табыстың символына айналдырамыз, тіпті оны өркендетеміз», – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.