АҚШ президенті Дональд Трамп тараптар келісімге келе алмаған жағдайда, Вашингтон Иранға қарсы жаңа әрекеттерге баруы мүмкін екенін мәлімдеді,деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Иранмен мәселені әлі түбегейлі шешпеуіміздің жалғыз себебі – менің мейірімді болғым келетіні. Мүмкіндігінше адамдардың өмірін сақтап қалуға тырысып жүрмін», – деді АҚШ басшысы Айова штатында Республикалық партия жақтастарының алдында өткен митингте. Жиын Конгреске аралық сайлау қарсаңында ұйымдастырылды.
«Бірақ бір сәтте оларға соққы беруге тура келеді», – деп атап өтті ол.
Митинг басталмас бұрын Трамп журналистерге Иранмен арадағы қақтығысқа қатысты пікір білдірді.
«Біз бұл мәселені жақын арада қалай болғанда да шешеміз. Олар не келісімге келеді, не біз бұл жағдайға өзіміз нүкте қоямыз», – деді ол. АҚШ президентінің айтуынша, мұны «оңай жолмен» жүзеге асыруға да болады.
Axios порталының мәліметінше, Трамп Конгреске аралық сайлаудан кейін бірден Иранға қарсы әскери әрекеттерді қайта бастауды жоспарлап отырған жоқ. Оның орнына Ақ үй Тегеранмен келіссөздер жүргізуге басымдық беруді көздеп отыр.