Қоғам

Бектенов жол сапасын арттыру үшін саланы реформалауды тапсырды

Бектенов жол сапасын арттыру үшін саланы реформалауды тапсырды

Премьер-министр Олжас Бектенов автомобиль жолдары саласын реформалау жөніндегі кеңес өткізді. Жиында жол құрылысының сапасын арттыру, жаңа технологияларды енгізу және мердігер ұйымдардың жауапкершілігін күшейту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Ozgeris.info. 

Кеңесте жол жабындарында жарықтар мен ойықтардың пайда болу себептері талқыланды. Мамандар өңірлердің климаттық ерекшеліктері мен көлік жүктемесін ескере отырып, қолданыстағы құрылыс нормативтерін жаңартуды ұсынды.

Атап айтқанда, жол сапасын жақсарту үшін модификацияланған битумды, арнайы қиыршықтасты және жаңа үлгідегі асфальтбетон қоспаларын пайдалану мәселесі көтерілді. Сонымен қатар Superpave технологиясын енгізу, зертханалық бақылауды күшейту және жол жабындарының беріктігін заманауи әдістермен тексеру ұсынылды.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев битум өндіру және сақтау жүйесіне түгендеу жүргізілгенін баяндады. Оның айтуынша, зауыттар 50/70 және 70/100 маркалы битуммен қатар, полимерлі-модификацияланған өнім шығаруға дайын.

Жиында жолдардың мерзімінен бұрын бұзылуына әсер ететін тағы бір фактор – ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүктемесі екені айтылды. Осыған байланысты автоматтандырылған өлшеу стансаларын айналып өтуді тіркеу және артық жүктеме үшін жауапкершілікті күшейту ұсынылды. Бақылау құралдарын бірыңғай E-Kolik жүйесіне біріктіру жұмыстары да жалғасып жатыр.

Жол саласындағы заңбұзушылықтар

Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өміралиев автожол саласындағы тексерулердің алдын ала нәтижелерін жариялады.

Оның мәліметінше, жоспарлау мен құрылыс жұмыстарынан бастап, жолдарды пайдалануға дейінгі кезеңдерде жүйелі заңбұзушылықтар анықталған. Осы фактілер бойынша 33 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Келтірілген залалдың алдын ала көлемі шамамен 8 млрд теңгені құрайды.

Бұдан бөлек, негізсіз шарттар мен мемлекеттік сатып алу жоспарларының күшін жою арқылы 36 млрд теңге бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеген. Атап айтқанда, мердігерлердің кепілдік міндеттемелері әлі күшінде тұрған жолдарды қайта жөндеуге арналған тендерлер жариялау жағдайлары анықталған.

Жиын қорытындысында Олжас Бектенов жұмыс тобына биыл қараша айының соңына дейін жол саласын реформалау жөніндегі ұсыныстардың толық пакетін әзірлеуді тапсырды.

Премьер-министрдің айтуынша, реформа жол құрылысының барлық кезеңін қамтуы керек. Негізгі міндеттер – құрылыс материалдарының сапасын арттыру, жаңа технологияларды енгізу, нормативтерді жаңарту және мердігерлердің орындалған жұмыстың сапасына жауапкершілігін күшейту.

Барлық жаңалық