Қоғам

Қазақстанда мәслихат депутаттарының сайлауына 35,8 млрд теңге бөлінеді

Қазақстанда мәслихат депутаттарының сайлауына 35,8 млрд теңге бөлінеді

29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыруға 35,8 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы 2 қарашада Орталық сайлау комиссиясының отырысында комиссия мүшесі Михаил Бортник мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Оның айтуынша, бөлінген қаражаттың шамамен 70 пайызы сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбекақысын төлеуге бағытталады. Бюджет Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерімен келісілген.

Алдағы сайлау науқаны ауқымы жағынан тамыз айында өткен Құрылтай сайлауымен шамалас болғанымен, бұл жолы жұмысқа көбірек адам тартылады.

Атап айтқанда, қосымша 3 022 округтік комиссия құрылып, олардың құрамында 15 110 адам жұмыс істейді. ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің мәліметінше, бұған дейін сайлау учаскелерінде шамамен 70 мың адам еңбек етсе, енді округтік комиссияларды қосқанда олардың саны 85 мыңнан асады.

Сонымен қатар қаражаттың бір бөлігі 3 113 бірмандатты округте кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихатын мемлекеттік қолдауға жұмсалады.

Қазіргі уақытта алдын ала шығындар сметасы өңірлерге жолданған. Сайлау комиссиялары келісімшарттар жасасу және ұйымдастыру мәселелерін пысықтап жатыр.

Айта кетейік, 29 қарашада Қазақстанның 228 мәслихатындағы 3 447 депутаттық мандатқа сайлау өтеді. Оған 10 971 кандидат қатысуға ниет білдірген.

Барлық жаңалық