Жамбыл облысында 14 жастағы жасөспірім жоғары сынып оқушысының соққысынан кейін комаға түсті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оқиға Бірлесу-Еңбек ауылындағы клуб маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 11-сынып оқушысы 9-сынып оқушысының кеуде тұсынан бірнеше рет ұрған.
Сенбі күні кешке жасөспірім аудандық ауруханаға жеткізілген. Куәгерлердің айтуынша, оны медициналық мекемеге өзге оқушылар алып келген. Ауруханаға түскен сәтте баланың жүрегі тоқтап қалған. Дәрігерлер жүрек соғысын қайта қалпына келтіргенімен, жасөспірім әлі күнге дейін есін жимаған.
Қазір екі тәуліктен бері жасөспірім медикаментозды комада жатыр, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Жағдайы өте ауыр болғандықтан, оны әзірге қалаға тасымалдау мүмкін емес.
Полиция оқиғаға қатысқан балалардың барлығы ұсталғанын хабарлады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.