АҚШ, Ресей және Украина делегациялары 10–11 қарашада Абу-Дабиде бас қосады. Кездесуде тараптар қауіпсіздік кепілдіктерін, әскери шиеленісті азайту жолдарын және гуманитарлық мәселелерді талқылайды. Бұл туралы АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оның айтуынша, Вашингтон алдағы келіссөздерге делдалдық жасайды. Кездесу жан-жақты әрі ұзақ мерзімді бейбіт келісімге қол жеткізуге бағытталған.
Уиткофф бұған дейін Киев, Осло және Санкт-Петербургте өткен кездесулерде белгілі бір ілгерілеуге қол жеткізілгенін атап өтті. Енді сол нәтижелерді Абу-Дабидегі келіссөздерде жалғастыру көзделіп отыр.
Абу-Дабиге дейін АҚШ өкілдері Брюссельде Франция, Германия, Ұлыбритания, Еуропалық одақ және НАТО өкілдерімен кездеседі. Онда Украина мен Еуропаның қауіпсіздігі, сондай-ақ соғыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына экономикалық қолдау көрсету мәселелері қаралады.
Бұған дейін Стив Уиткофф Санкт-Петербургте Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, Украинадағы қақтығысты реттеу жөніндегі ұсыныстарды талқылаған еді.
Кремль өкілі Дмитрий Песковтың хабарлауынша, алдағы үшжақты кездесуде Ресей мен Украинаның қауіпсіздік кепілдіктері де күн тәртібіне енгізіледі.
Абу-Дабидегі келіссөздердің нәтижесі әзірге белгісіз. Кездесу тараптардың соғысты тоқтату жөніндегі ұстанымдарын жақындастыруға мүмкіндік бермек.