Ұлытау облысында Қазақстанның ең ұзақ жасаған тұрғыны Түймегүл Темірбаева 116 жасында өмірден өтті. Ол Жаңаарқа ауданының Қызылжар ауылында тұрған. Қаралы хабарды аудан әкімдігі жеткізді,деп хабарлайды Ozgeris.info.
Әкімдік марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, Түймегүл әженің ғұмыры бірнеше тарихи кезеңмен тұспа-тұс келгенін атап өтті.
Түймегүл Темірбаева 1910 жылғы 1 қаңтарда Жамбыл облысындағы Жайылма ауылында дүниеге келген. Үш жасында анасынан айырылған. 1932 жылы тұрмысқа шығып, кейін жолдасымен бірге мал шаруашылығында еңбек еткен.
Кейуана үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген. Өмірінің басым бөлігін ауыл шаруашылығына арнап, бие сауып, қымыз дайындаған.
Түймегүл әже 15 немере мен 25 шөбере сүйген. Өмірінің соңғы жылдарын кенже ұлымен бірге Қызылжар ауылында өткізген.
Көзі тірісінде ұзақ жасауының сырын тынымсыз еңбекпен, қарапайым өмір салтымен және отбасыға деген сүйіспеншілікпен байланыстырған.