Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповті қабылдады. Кездесуде компанияның қазіргі қызметі, уран өндірісін дамыту және халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Мейіржан Юсупов мемлекет басшысына уранның мемлекеттік стратегиялық қорын құру жұмыстары туралы баяндады. Қазіргі уақытта компания жалпы ауданы 1 мың шаршы шақырымнан асатын алты учаскеде геологиялық барлау жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, 124 шаршы шақырым аумақты алып жатқан Қызылту учаскесінде барлау жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Кездесу барысында компанияның халықаралық нарықтағы қызметі де сөз болды. Биыл Үндістан мен Қытайдың ірі энергетикалық компанияларымен табиғи уран жеткізу жөнінде жаңа келісімшарттар жасалған.
Сонымен қатар Президентке «Қазатомөнеркәсіптің» 2025–2034 жылдарға арналған даму стратегиясы аясындағы жоспарлары, ядролық отын циклі және ғылыми-технологиялық әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстары таныстырылды.
Компания уран өндірісінің тиімділігін арттырумен қатар, сирек және сирек кездесетін ілеспе металдарды өндіру технологияларын жетілдіру бойынша зерттеулер жүргізіп жатыр.
Әлеуметтік бағыттағы жобаларға да қаржы бөлінген. Атап айтқанда, биыл денсаулық сақтау, білім беру және спорт нысандарын салу бағдарламасы аясында 13 млрд теңгеден астам қаражат бағытталған.Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев ресурстық базаны одан әрі дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.