Тележүргізуші Гүлнәз Әлімгерей отбасындағы қаралы хабармен бөлісті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұл туралы ол желшідегі парақшасында жазды.
"Кеше ғана ортамызда жүрген Рүстем құдамыздың анасы, Камила келінімнің әжесі Бақыт құдағиымыздың бұ дүниеден озғаны туралы суық хабарға сенгің келмейді екен… Қысқа уақыт ішінде Нұрділдә екеумізді құда деп емес, өз балаларындай көріп, ақкөңіл мінезімен, ана жүрегінің мейірімі мен кеңдігін сезіндірген алтын құдағиымыз еді. Амангелді құдамен төрт ұл тәрбиелеп, келін түсіріп, немере, шөбере көрген бақытты әжеге 69 жас ғұмырын өлшеп берген екен Алла. Келесі жылы алтын тойлары еді...
Жазда Баянауылға барған сапарымызда төріне шығарып, бар ықыласымен сый-құрметін көрсетті. Соңғы жүздесуіміз екенін қайдан білейік… Маған арнап өз қолымен мына екі жастықты тігіп, сыйға тартты. Содан бері көлігімде, жол сапарларымызда ылғи бірге жүреді.
Құдағиымыздың мәңгілік сапарға аттанар сәті соншалықты жақын екенін сезбей де қалдық-ау… Енді осы екі жастық үлкен құдағиымыздан қалған ең қымбат естеліктің біріне айналды. Қолының табы, жүрегінің жылуы қалған аманаттай… Бақұл болыңыз, жақсы адамым! Алла алдыңыздан жарылқасын. Құдаларымыздың әулетіне, барша Баянауыл жұртына қайғырып көңіл айтам!", – деп жазды ол.