АҚШ-та Конгресс сайлауындағы алғашқы нәтижелер Демократиялық партия кандидаттарының бірқатар штатта алда келе жатқанын көрсетті. Бұл туралы CNN хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.
Атап айтқанда, Индиана штатындағы үш сайлау округінде демократтар көш бастап тұр. Бесінші округте демократ Джей Ди Форд Республикалық партия өкілі, қазіргі конгрессмен Виктория Спартцтан басым. Дауыс берудің шамамен 29%-ы саналған.
Үшінші округте демократ Келли Томпсон қазіргі конгрессмен, республикашыл Марлин Штутцманнан озып келеді. Мұнда дауыстардың шамамен 31%-ы есептелген. Алтыншы округте демократ Синтия Вирт республикашыл Джефферсон Шривтен аз ғана айырмашылықпен алда. Бұл округте дауыстардың 6%-ға жуығы саналған.
Көршілес Кентукки штатындағы алтыншы округте республикашыл Ральф Альварадо мен демократ Зак Дембо арасындағы бәсеке тең дәрежеде өтіп жатыр. CNN екі кандидаттың да жеңіске жету мүмкіндігін шамалас деп бағалайды. Әзірге дауыстардың шамамен 1%-ы есептелген.
CNN болжамынша, Вирджиния штатындағы қазіргі сенатор, демократ Марк Уорнер республикашыл Берт Мидзусаваны жеңіп, төртінші мерзімге қайта сайланады. Уорнер бұған дейін Вирджиния губернаторы болған, қазір Сенаттың барлау жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарады.
Ал Флорида штатында демократ Дебби Вассерман-Шульц Өкілдер палатасына 20-округтен қайта сайланды. Ол республикашыл Брент Андерсенді жеңіп, қатарынан 12-рет мандат алды. Бұл туралы Associated Press хабарлады. Вассерман-Шульц бұған дейін Демократиялық партияның ұлттық комитетін басқарған.
Associated Press мәліметінше, АҚШ Сенатында демократтар мен оларды қолдайтын тәуелсіз сенаторлар әзірге 43 орынға ие, ал республикашылдарда 32 орын бар. Тағы 25 орынның тағдыры белгісіз. Өкілдер палатасында демократтар 44, республикашылдар 21 мандат иеленген. Қалған 370 округ бойынша жеңімпаздар әлі анықталған жоқ. Сенатта көпшілік болу үшін 51, ал Өкілдер палатасында 218 орын қажет.
Губернаторлық орындар бойынша демократтар 11 штатта, республикашылдар сегіз штатта алда келеді. Тағы 31 штаттағы нәтиже белгісіз.
CNN хабарлауынша, Джорджия, Кентукки, Оңтүстік Каролина, Вермонт, Вирджиния және Индиана штаттарында, сондай-ақ Флоридадағы бірнеше округте сайлау учаскелері жабылған. Ең соңғы учаскелер 4 қарашада АҚШ-тың шығыс жағалауы уақытымен сағат 01:00-де Аляскадағы Алеут аралдарында жабылады.
CBS News жариялаған алғашқы экзитпол нәтижелері бойынша, сайлаушылар Демократиялық партияға Республикалық партияға қарағанда оң көзқараспен қарайды. Сауалнамаға қатысқандардың 46%-ы демократтарды, 41%-ы республикашылдарды оң бағалаған. Дегенмен респонденттердің басым бөлігі екі партияға да теріс көзқараста: демократтарды – 54%, республикашылдарды 59% қолдамайды.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп CBS News арнасына берген телефон сұхбатында республикашылдардың сайлаудағы мүмкіндігін «Көре жатармыз» деп бағалады. Оның айтуынша, сайлау кезінде күтпеген жағдайлар жиі болады.
«Жеңеміз бе? Мүмкіндігіміз жақсы. Бірақ бізге ұялатындай ештеңе болмайды», – деді Трамп.