Тележүргізуші әрі продюсер Динара Сәтжан әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне деген сенім, жеке бренд қалыптастыру және өзгелердің пікірінен қорықпау жайлы ой қозғады. Оның айтуынша, көп адам жетістігін көрсетуге немесе жаңа істі бастауға айналасындағылар не айтады деген қорқыныштың кесірінен батылы жетпей жатады, - деп хабарлайды Оzgeris.info.
«Жас ұлғайған сайын, өмірлік жағдайлар, тұрмыс пен көп жылғы тәжірибе әсерінен біз өзімізге деген сенімді біртіндеп жоғалтып аламыз.
Бізге біреу қанатымызды қиып тастағандай көрінеді.
Көпшілігіміз өзіміздің жетістіктеріміз, табыстарымыз және жылдар бойы жинаған кәсіби тәжірибеміз туралы ашық айту үшін өзгеден рұқсат күткендей боламыз.
Мен әлдеқашан бір нәрсені түсіндім: жеке бренд – ең алдымен өзіңді мойындаудан басталады.
Мен – кіммін?
Менің артымда көп жылғы тәжірибе бар.
Менің жанымда адамдар бар.
Мен сол тәжірибеммен бөлісуге дайынмын».
Айтуынша, бұл ойға келуіне шеберлік сабақтарының бірінде болған оқиға себеп болған. Курстың қатысушысы әлеуметтік желіде белсенді болып, өз кәсібін бастағысы келгенімен, туған ауылындағы адамдардың сыны мен пікірінен именетінін айтқан.
«Бірде менің шеберлік сабағымда ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Астанада өз мектебін ашқысы келетінін, әлеуметтік желіні белсенді жүргізуді жоспарлағанын, бірақ оған бір нәрсе кедергі болып жүргенін айтты.
Біз бірге оның себебін іздей бастадық.
Сөйтсек, оны ең қатты мазалаған нәрсе – туған ауылындағы сыныптастары мен көршілері не айтады деген ой екен.
Сонда мен оған:
"Сенің бар екеніңді олар әлдеқашан ұмытып кеткен.
Адамдардың өз шаруасы бастан асады", – дедім».
Сәтжанның пікірінше, адам өзгенің бағасына тәуелді болуды қойған кезде ғана арманына нық қадам баса алады. Оның сөзінше, жеке жетістік өзгелер үшін де шабыт көзіне айналады.
«Ал сіз қашан өзіңіз туралы өзгелер не ойлайды деп уайымдауды қоясыз?
Сол сәтте армандарыңыздың соңынан ере бастайсыз.
Сеніңіз, сіздің жетістігіңіз өзгелерге де шабыт береді.
Сіз олардың мотивациясына айналасыз», – деп жазды Динара Сәтжан.