Таразда қатарласын бір көзінен айырған жасөспірім 7 жылға сотталды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
КТК арнасының мәліметінше, оқиға биыл сәуірде мектеп дәретханасында болған. Жанжал кезінде Дамир Сұраншиев көзінен ауыр жарақат алып, бір жанарынан айырылған. Тергеу барысында соққы жасаған оқушының кінәсі сараптама арқылы расталған.
Сот кәмелетке толмаған сотталушыны 7 жылға бас бостандығынан айырды. Жәбірленушінің анасы Зухра Кәрімова үкімді әділ деп санайтынын, алайда жанжалға қатысқан басқа жасөспірімдердің де жауапқа тартылуын талап ететінін айтты.
«Топ болып жасалған шабуыл екенін біз әу бастан айтып келе жатырмыз. Ол бәріне белгілі. Топпен жасалған шабуылдан тек бір балаға 7 жыл берді. Мен келісемін, мен ойлаймын, бұл әділдік болды деп. Бірақ қалған қатысушыларды қудалауды тоқтатпаймын»,– деді анасы.
Қазір Дамир күрделі отаға дайындалып жатыр. Анасының сөзінше, баланың көзін қалпына келтіру үшін бұған дейін алты рет операция жасалған.