Қоғам

«Баламның ішінде өкініш бар»: Аман қалған сарбаздың анасы жазбасымен елді жылатты

«Баламның ішінде өкініш бар»: Аман қалған сарбаздың анасы жазбасымен елді жылатты

Маңғыстаудағы қайғылы оқиға кезінде аман қалған сарбаз Ақжолдың анасы желідегі парақшасында жантебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды Ozgeris.info.  

Ол марқұм Азамат Мәдіхан мен ұлы Ақжол жан достар болғанын айтты.

"Шүкір Аллаға, балам аман. Сансыз шүкір. 
Бір жағынан, баламның жан досы, кішкентайынан бірге жүрген досы сол қайғылы жағдайдан аман шықпай қалғаны жүрегімді ауыртып, ішімді айырды. Демімді терең ала алмай отырмын… Баламның көзіне қарап, өзім уайымдап отырамын. Ол да маған қарап, уайымдап тұрғанын білдірмеуге тырысады. Бірақ мен анамын ғой… сеземін.
Не айтарымды да білмеймін. Көңілін бөлуге тырысамын. Кішкентай кезін айтып, үйдегі қарындастарының қызықтарын айтып, әңгіме айтып отырамын. Бірақ айналып келіп, әңгімеміз бәрібір Азаматтан бір шығады…", деп жазды ол. 

Сонымен қатар сарбаздың анасы баласының қазіргі жай-күйін де айта кетті. 

"Баламның ішінде бір өкініш бар сияқты… Айтпайды. Мен де қазбаламаймын. Тек ана жүрегім баламның жанындағы сол ауыр сезімді сезіп тұр…
Балам аман қалғанына — Аллаға шексіз шүкір. Ал Азаматтың анасының жүрегіндегі қайғыны ойласам, өз жүрегім де ауырады… Бір ана баласының амандығына шүкір айтып отыр, бір ана баласын жоқтап отыр… Осыны ойласам, жүрегім тағы да ауырады. Ақжолдын амандығын күнде сұрап отырады жаныыым", деді сарбаз анасы. 

Барлық жаңалық