Қоғам

Назарбаев әулетіндегі той: Тауман Нұрсұлтанұлының қалыңдығы кім?

Назарбаев әулетіндегі той: Тауман Нұрсұлтанұлының қалыңдығы кім?

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлы Тауман Назарбаев үйленгелі жатыр. Үйлену тойы Астанадағы қымбат қонақүйлердің бірінде өтеді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

Басылым дерегінше, 21 жастағы Тауман Назарбаевтың үйлену тойы The Ritz-Carlton, Astana қонақүйінде ұйымдастырылмақ. Оның қалыңдығы – бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Әділбек Сәрсембаевтың қызы Айдана Сәрсембаева.

Ulysmedia.kz дереккөздері тойға дайындық кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін мәлімдеген.

– Салтанатты шараға байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қонақүй маңындағы аумақты қоршау жұмыстары бір күн бұрын басталған, – дейді басылым дереккөзі.

PRO КАДРЫ KZ мәліметінше, тойға саясаткерлер, ірі бизнес өкілдері және Нұрсұлтан Назарбаев президент болған кезеңде ықпалды болған тұлғалар шақырылған.

Тауманның болашақ қайын атасы Әділбек Сәрсембаев 48 жаста. Ол Целиноградта, қазіргі Астана қаласында дүниеге келген. Мамандығы бойынша заңгер, саяси ғылымдар кандидаты.

Сәрсембаев мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын елорда әкімдігінен бастаған. 2006 жылы Президент әкімшілігінде бас инспектор қызметін атқарды. Кейін Петропавл қаласы әкімінің бірінші орынбасары, облыс әкімі аппаратының басшысы болды.

2010 жылы қорғаныс өнеркәсібімен байланысты «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясына ауысып, басқарушы директордан басқарма төрағасының орынбасарына дейін көтерілген. Кейін Астанаға оралып, табиғи ресурстар басқармасын басқарды, төрт жыл бойы Алматы ауданының әкімі қызметін атқарды.

2020 жылдың мамырында ол «Қазақстан инжиниринг» компаниясының басшысы болып тағайындалды. Ал бір жылдан кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі қызметіне келді. Үкімет құрамында 2022 жылдың тамызына дейін еңбек етті.

Басылымның жазуынша, бұрынғы вице-министрдің жұбайы – 1980 жылы туған Әлия Иманбаева. Бұрынғы ресми құжаттарда ерлі-зайыптылардың Арнұр, Айдана және Алдияр есімді үш баласы бары көрсетілген.

Тауман Назарбаевтың қалыңдығы Айдана Сәрсембаева 2004 жылғы 24 желтоқсанда дүниеге келген. Қазір ол 21 жаста.

Сонымен қатар Әділбек Сәрсембаевтың есімі кейінгі жылдары қылмыстық хроникада да аталды. 2025 жылдың соңында оның ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Істі Қаржылық мониторинг агенттігі тергеген.

Кейін Бас прокуратура Ulysmedia.kz-ке бұрынғы вице-министрге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растаған. Алайда тергеудің болуы адамның кінәсі дәлелденді дегенді білдірмейді, түпкілікті құқықтық бағаны сот береді.

Тауман Назарбаев 2005 жылы дүниеге келген. Оның анасы – Әсел Исабаева, ол Әсел Құрманбаева есімімен де белгілі. 1999 жылы Әсел «Мисс Қазақстан» байқауының жеңімпазы атанған.

Нұрсұлтан Назарбаев 2023 жылы жарық көрген «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты мемуарында Әселмен мұсылман дәстүрі бойынша некелескенін жазған. Осы некеден Тауман және Байкен есімді екі ұлы дүниеге келген.

 

Барлық жаңалық