Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық қолдау көрсету жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Қолдау білдіргісі келетіндер арнайы бірыңғай қордың ресми реквизиттері арқылы қаражат аудара алады. Сондай-ақ көмекті қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстарына тікелей көрсетуге болады.
Әкімдік қаражат аударуға қатысты ешқандай тапсырма берілмегенін мәлімдеді.
"Бұл ретте қаражат аудару тек ерікті түрде жүзеге асырылады. Облыс әкімдігі тарапынан азаматтарға, кәсіпкерлерге, ұйымдарға немесе олардың қызметкерлеріне қаражат аудару туралы ешқандай тапсырма, талап немесе нұсқау берілген жоқ және берілмейді. Сондай-ақ қызметкерлердің бір күндік жалақысын аударуы туралы ешқандай тапсырма берілген жоқ. Жалақыны көмек ретінде аудару міндетті емес және әр қызметкердің жеке шешімі бойынша ғана жүзеге асырылады", – делінген хабарламада.
Ведомствоның хабарлауынша, азаматтар, бизнес өкілдері мен түрлі ұйымдар көмек көрсетуді өз еркімен жүзеге асырып жатыр.
"Көмек көрсету немесе көрсетпеу – әр адамның жеке шешімі. Қаражат аударуға ешкімді мәжбүрлеуге болмайды", – деп жазды әкімдіктің баспасөз қызметі.