Қоғам

«Анасы онкологиямен ауырады»: Қаза тапқан сарбаз Алмастың отбасы ауыр жағдайда

«Анасы онкологиямен ауырады»: Қаза тапқан сарбаз Алмастың отбасы ауыр жағдайда

Белсенді Азамат Сәрсенбаев Маңғыстау облысы Баянды ауылында қаза тапқан сарбаз Алмас Көбеновтің отбасының жағдайын көрсетті. Оның айтуынша, сарбаздың анасы қатерлі ісіктің екінші сатысымен күресіп, химиотерапия қабылдап жүр, деп хабарлайды Ozgeris.info.  

Сәрсенбаевтың жазуынша, бес баласы бар отбасының кенже ұлы Алмас әскери қызметте қаза тапқан. Екі ағасы да әскерде борышын өтеген. Анасы Меруерт Дүйсенбаева ішек қатерлі ісігіне байланысты емделіп жатыр. Әкесінің аты — Жүсіп Оразалиев. Ол күн сайын жұбайының жанында болып, күтім жасауға мәжбүр болғандықтан, жұмыс істей алмайды.

«Ұлымның қазасы болған күні анасы онкологиялық ауруына байланысты ем қабылдауы керек еді. Алайда қайғылы жағдайға байланысты емін үйде өтуге тура келді», — деп жазды белсенді отбасының сөзін жеткізіп.

Отбасының үлкен ұлы Қылмыстық-атқару жүйесінде жұмыс істейді. Ортаншы ұлы Ақтөбе облысына нәпақа табуға кеткен. Ата-анасы оны Маңғыстауға қайтарып, туған жерінен жұмыс тапқанын қалайды.

Сәрсенбаевтың мәліметінше, ата-анасының айтуынша, жергілікті билік сарбазды жерлеу шығындарын өтеуге материалдық көмек көрсеткен. Ал отбасының банк шоттары несие бойынша мерзімі өткен төлемдерге байланысты бұғатталғандықтан, қаражат жинауға арналған деректемелері жоқ.

«Бәріміз үшін қазір маңыздысы — Президент жариялаған өтемақының қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына толық көлемде берілуі. Бұл ең болмаса осы отбасыға қолдау болар еді», — деп жазды белсенді.

Барлық жаңалық