Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Кеше еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталғаны туралы мәлімет таратты. Ашығын айтқанда, бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлықтың белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай», – деді Президент.
Оның айтуынша, заң бойынша тергеу барысына қатысты мәліметтерді жариялауға болмайды. Оның үстіне тергеу жұмыстары енді ғана басталған.
«Алайда қазірдің өзінде мына нәрсені анық айтуға болады: бұл – біз «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын жариялап, оны Конституциямызда мемлекеттік басқару мен қоғам өмірінің басты қағидаты ретінде бекіткелі бері біртұтас жүйеге кіретін мемлекеттік компанияларда болған сыбайлас жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі іс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Конституцияның 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда бірауыздан қабылданып, 1 шілдеде заңды күшіне енгенін еске салды. Осыған байланысты елдің негізгі құжаты «Халық Конституциясы» деп аталды.
«Конституцияның ережелері мен баптарын бұзуға, халқымыздың осы қасиетті құжатын келемеж жасауға, кемсітуге ешкімнің де хақы жоқ», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.