Жаңалықтар

Бір қала, екі дәуір: Шанхайдың тарихы мен әсем көріністері (ФОТО)

Бір қала, екі дәуір: Шанхайдың тарихы мен әсем көріністері (ФОТО)

Шанхайға сапар барысында қаланың бірнеше қырын тануға мүмкіндік болды: Қытай Коммунистік партиясының І съезі өткен тарихи ғимарат, дәстүрлі Юйюань бағы, «Шығыс маржаны» телемұнарасы және Хуанпу өзені. Олардың әрқайсысы қаланың өткенін, мәдениетін және бүгінгі келбетін танытады, деп жазады Ozgeris.info. 

Қытай Коммунистік партиясының І съезі мемориалдық музейі 

ҚКП-ның алғашқы жалпыұлттық съезі 1921 жылғы 23 шілдеде Шанхайда ашылған. Оған елдің әр өңірінен келген 13 делегат қатысып, сол кезеңде партияға мүше болған 50-ден астам адамның атынан жиналған. Съездің қорытынды отырысы Чжэцзян провинциясындағы Цзясин қаласының Наньху көлінде қайық үстінде өткен.

Музей экспозициясында Қытайдың ХІХ ғасырдың ортасынан бергі қоғамдық-саяси өзгерістері, марксистік идеялардың таралуы және партияның құрылу тарихы құжаттар, фотосуреттер мен мультимедиалық материалдар арқылы көрсетілген. Съезд өткен тарихи ғимарат Шанхайға тән «шикүмэнь» сәулет үлгісінде салынған. Бұл стиль дәстүрлі қытайлық тұрғын үй шешімдерін батыстық архитектура элементтерімен ұштастырады.

Қаланың басқа бір кезеңін Юйюань бағынан көруге болады

Оның құрылысы 1559 жылы Мин әулеті тұсында басталған. Бақты қытайлық шенеунік Пань Юньдуань ата-анасына арнап салдырған. Қазір аумағы 20 мың шаршы метрден асатын Юйюаньда павильондар, жасанды жартастар, су айдындары мен тас көпірлер орналасқан. Бақ алты тақырыптық бөлікке бөлінген. Мұндағы сәулеттік шешімдер табиғи көрініс пен адам қолымен жасалған кеңістікті үйлестіруге негізделген.

Шанхайдың заманауи келбетін «Шығыс маржаны» телемұнарасы айқындайды

Хуанпу өзенінің жағасындағы Луцзяцзуй ауданында орналасқан мұнараның биіктігі — 468 метр. Оның бірнеше шар пішінді бөлігі қала көрінісіндегі ең танымал нысандардың біріне айналған. Мұнарадан Хуанпу өзенін, тарихи Вайтань жағалауын және Пудунның зәулім ғимараттарын көруге болады.

Кешкісін Хуанпу өзенінде серуендеп, Шанхайдың екі жағалауын тамашаладық. Өзен қаланың тарихи бөлігі Пусиді заманауи зәулім ғимараттар шоғырланған Пудуннан бөліп тұр. Бір жағында — Вайтаньның тарихи сәулеті, екінші жағында — қаржы орталығы мен биік ғимараттар. Өзен бойындағы көрініс Шанхайдың ескі және жаңа келбетін бір арнада тоғыстырады.

Шанхайдағы бұл сапар қаланы тек биік ғимараттар мен қаржы орталығы ретінде емес, тарихи жады мен дәстүрін сақтай отырып жаңарған мегаполис ретінде тануға мүмкіндік берді. ҚКП-ның І съезі музейі елдің саяси тарихын танытса, Юйюань дәстүрлі бақ өнерінің үлгісін көрсетті. Ал Хуанпу өзені мен «Шығыс маржаны» қаланың бүгінгі халықаралық бейнесін ашты.

Барлық жаңалық