Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен өткен журналистер мен кәсіпкерлерге арналған баспасөз туры барысында біз көпшілікке онша таныс емес Иу қаласымен таныстық. Шанхайдан шамамен 300 шақырым жерде орналасқан бұл шаһар Қытайдағы көтерме сауданың ірі орталықтарының бірі саналады. Мұнда күнделікті тұрмысқа қажетті тауардан бастап ойыншық, кеңсе бұйымдары, әшекей мен тұрмыстық заттарға дейінгі сан түрлі өнімді бір жерден табуға болады. Сондықтан Иуды «әлемдік супермаркет» деп атайды. Аталмыш қаланың қыр-сыры туралы Ozgeris.info тілшісі толығырақ тарқатады.
Қаланың ұсақ тауарлар нарығы 1982 жылы қалыптаса бастаған. Содан бері Иу халықаралық сауда мен сатып алудың маңызды орталығына айналды. Қала аумағындағы сауда кешендерінің жалпы көлемі шамамен 8 миллион шаршы метрді құрайды. Мұнда 80 мыңнан астам сауда орны жұмыс істеп, 2,1 миллионнан аса тауар түрі ұсынылады.

(тек шынаяқ сататын дүкен)
Павильондарды аралаған кезде оның көлемін көзбен шолып шығудың өзі оңай емес екенін аңғардық. Әр дүкенді аралауға үш минуттан бөлсең, бүкіл сауда орнын түгел көруге бір жылдай уақыт кететіні айтылды. Бұл — сөрелердегі тауарлардың көптігін ғана емес, Иудағы сауданың қаншалықты ауқымды екенін де көрсететін мысал.

Иу — сауда жасайтын орын ғана емес, жаһандық жеткізу тізбегінің бір бөлігі. 2025 жылы қаланың сыртқы сауда көлемі 836,5 млрд юаньға жетіп, бір жылда 25,1 пайызға өскен. Оның ішінде экспорт көлемі 730,7 млрд, импорт 105,8 млрд юань болған. Иу 231 ел және аумақпен сауда байланысын орнатқан. Қаланың жалпы ішкі өңірлік өнімі де 269,33 млрд юаньға жетіп, 7,9 пайызға артқан.
Жасанды интеллекті орнатылған көзілдіріктен арықтатын құлаққапқа дейін
Сапар барысында біз тауар павильондарымен қатар цифрлық сауда орталығын да араладық. Иу дәстүрлі көтерме сауданы электронды коммерциямен және жаңа технологиялармен ұштастыруға күш салып отыр. 2025 жылы қаладағы электронды сауда көлемі 553,78 млрд юаньға жеткен. Оның 167,96 млрд юані трансшекаралық электронды саудаға тиесілі. Сол жылы «Иу–Синьцзян–Еуропа» теміржол бағытымен 3 005 жүк пойызы қатынап, Қытай тауарларын Орталық Азия мен Еуропаға жеткізген.
Цифрлық сауда орталығында жасанды интеллект қолданылған жаңа өнімдер туралы да мәлімет алдық. Солардың бірі — бірнеше мың тілді түсініп, аударма жасайтын жасанды интеллект көзілдірігі. Ал келесі жылы сатылымға шығуы жоспарланған өнімдердің қатарында арықтауға көмектеседі делінген құлаққап та бар екен. Бұл технологиялар Иуда сауданың жаңа бағыттары мен тұтынушы сұранысына сай өнімдерді дамытуға мән беріліп жатқанын аңғартты.

Сауда павильондарының бірінде бізге түрлі елден жеткізілетін алкоголь өнімдері туралы да айтты. Берілген мәлімет бойынша, мұнда 300-ге жуық елден әкелінген мыңға жуық арақ түрі бар, ал саудадағы алкоголь өнімдерінің басым бөлігін сыра құрайды. Мұнда құрамында 70% алкоголь бар сыра сатылымда бар. Бұл деректі павильон өкілдері таныстыру кезінде айтты.


Иудағы ауруханада дәрілерді де цифрлық жүйе бақылайды
Сапар барысында біз Чжэцзян университеті Медицина факультетінің Төртінші аффилирленген ауруханасына бардық. 2014 жылы ашылған бұл мекеме Иудағы ірі кешенді ауруханалардың бірі. Онда медициналық қызмет көрсетумен қатар, жаңа технологияларды күнделікті жұмысқа енгізуге басымдық берілген.
Ауруханада бізге дәрі-дәрмекті сақтау мен пациентке жеткізу жүйесін көрсетті. Дәрілер арнайы таңбаланып, әр қаптаманың қозғалысын бақылауға мүмкіндік бар. Мұндай жүйе сақтандыру есебінен берілген препараттардың заңсыз қайта сатылуына және дәрінің қайтадан айналымға түсуіне тосқауыл қоюға көмектеседі. Яғни код дәрінің қайдан келгенін, қандай рецепт бойынша берілгенін және сақтандыру төлемімен байланысын тексеруге мүмкіндік береді.

Аурухананың дәріханасында бұл үдеріс автоматтандырылған: дәрілер арнайы себеттермен жеткізіліп, жүйе қаптамадағы кодтарды рецепт пен пациент туралы дерекке сәйкестендіреді. Аурухана дәрі кодтарын жинап, тексеру жүйесін енгізген соң, 2025 жылғы қаңтардың соңына қарай кодтарды жинаудың жалпы көрсеткіші 99 пайыздан асқан. Қытайдың Ұлттық медициналық сақтандыру басқармасы бұл тәжірибені дәрілердің заңсыз қайта сатылуын анықтауға және сақтандыру қаражатын қорғауға көмектесетін жүйе ретінде сипаттаған.
Біз барған кезде палаталарға дәрілердің төбедегі арнайы аспалы жолдармен жеткізілетінін де көрдік. Осындай ішкі логистика дәріні қажетті бөлімге жедел жеткізіп, қызметкерлердің уақытын үнемдеуге арналған. Ауруханадағы дәрі айналымын цифрлық кодпен бақылау мен автоматтандырылған жеткізу жүйесі медициналық қызметтегі технологиялардың тек күрделі аппараттармен шектелмейтінін көрсетті: ол дәрінің қоймадан пациентке дейінгі жолын да қамтиды.

Сонымен қатар аурухана дәліздерінде қызмет көрсетуді бағалайтын QR код тақтайшалары ілінген. Қандай да бір шағымыңыз болса, QR код арқылы жазып жібересіз, ал басшылық өз тарапынан он минуттың ішінде шешім қабылдап, науқасқа жауабын айтады. Ал алғыс білдірсеңіз сізге жақсы қызмет көрсеткен маманның мақтауы асырылады.

Иуға Қазақстан мысы да жеткізіледі
Пресс-тур барысында біз GKE (Zhejiang) Metal Logistics Co., Ltd. компаниясының логистикалық орталығына да бардық. Компания қоймада сақтау, жүкті қабылдау және металл өнімдерін әрі қарай тарату қызметтерін ұсынады. GKE тобының дерегінше, оның Zhejiang бөлімшесі 2023 жылы құрылған және түсті металдар мен басқа да жүктерді сақтауға, тасымалдауға маманданған.


Компания өкілдерінің айтуынша, Ресейге қарсы санкциялық шектеулер енгізілгеннен кейін Иуға мыс жеткізуде Қазақстан бағытының маңызы артқан. Бізге көрсетілген катодты мыс қаптамасындағы таңбада өндіруші ретінде «Қазақмыс Смэлтинг», өндірілген жері ретінде Балқаш көрсетілген. Өнімнің тазалығы — 99,99 пайыз.
Балқашта өндірілген катодты мыстың Иудағы қоймаға жеткені Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда байланысының нақты бір көрінісі болды. Иу Қытайға келетін тауарларды қабылдап қана қоймай, оларды әрі қарай таратуға арналған халықаралық логистикалық торап ретінде де дамып келеді.
Қала әкімінің орынбасарымен кездесу
Сапар кезінде Иу қаласы әкімінің орынбасары Тан Танмен де кездестік. Ол бұл қызметке 2026 жылғы 29 мамырда тағайындалған.
"Құрметті БАҚ өкілдері, сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Қала әкімінің және Иу қаласының 3 млн тұрғынының атынан сіздерге сәлем жолдаймын. Иу Қытайдың шағын қаласының бірі болып саналады. Бұл қалада ешқандай географилық байлық жоқ. Қала өзін сауда арқылы көтеріп, таныта білді. Мұнда нағыз иулықтар өте аз, бар болғаны 900 мың адамды құрайды. Қалған 2 миллионнан астам тұрғын саудамен айналысуды көздеп, бизнес жасауды көздеп жүргендер. Қазақстанмен іскерлік қарым-қатынас жасауға біз қашан да дайынбыз. Бұл кездесудің екіжаққа да тигізер үлесі мол екеніне зор сенім білдіремін", - деді қала әкімінің орынбасары.

Қала басшылығындағы жұмысы сыртқы экономикалық ашықтықты дамыту, халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, шетел азаматтарының келуі мен тұруына қолайлы жағдай қалыптастыру және халықаралық гуманитарлық байланыстарды дамыту бағыттарын қамтиды.
Иу тәжірибесінен Қазақстан сауда инфрақұрылымын, цифрлық платформаларды және логистиканы өзара байланыстырып дамытуды үйрене алады. Ал Қазақстан мыс сияқты сапалы өнімдерімен Қытайдың өндірісі мен саудасына үлес қосып отыр. Екіжақты қарым-қатынастың әлеуеті осы өзара толықтыруда: бір тарап сауда мен жеткізу жүйесін дамытса, екінші тарап сол жүйеге бәсекеге қабілетті өнім ұсынады. Қазақстан үшін маңыздысы — мұндай байланысты тереңдетіп, шикізат жеткізумен қатар өңделген өнім экспортын да арттыру.