Жаңалықтар

Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Салтанат Нүкеноваға қандай үш кеңес бергенін айтты

Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Салтанат Нүкеноваға қандай үш кеңес бергенін айтты

Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман Салтанат Нүкеноваға Бишімбаевқа тұрмысқа шығатынын естіген кезде қандай үш кеңес бергенін айтып берді.

Қахарман өзінің бұрынғы абысынынан осы кеңестерін Салтанатқа жеткізуді өтінгенімен, олардың Нүкеноваға жеткен-жетпегенін білмеген.

Назым Қахарман Нүкенованың қаза тапқанына үш жыл толуына орай өзінің YouTube-арнасында бейнежазба жариялады.

Ол қайғылы оқиғадан кейінгі алғашқы жылы көпшіліктің өзіне: «Неге Салтанатқа Бишімбаевтың қандай адам екенін ескертпедіңіз?» деген сұрақты жиі қойғанын еске алды.

«Бүгін мен көпшілік тарапынан алғашқы жылы жиі қойылған осы сұраққа жан-жақты жауап бергім келеді», – деді ол.

Назым Қахарман Салтанат Нүкеноваға үш кеңесін бұрынғы абысыны арқылы жеткізуді өтінген.

Бірінші кеңес – жеке шекараңды қорғай біл.

«Бірінші кеңесім – тым жұмсақ болмау. Қатал болу, өз шекараңды сақтау, өзіңді қорғау, оның басыңа шығуына жол бермеу. Өйткені мұндай адам, жалпы осындай адамдар, мейірімділікті әлсіздік деп қабылдайды. Сосын мойныңа мініп алып, түспей қояды», – деді Қахарман.

«Екінші кеңесім – күйеуіңді барынша өзіңе жақын ұстап, оның ата-анасынан мүмкіндігінше аулақ жүру еді. Өйткені мен оның ата-анасын үлкен бір зұлымдық деп санадым және әлі де солай есептеймін. Олар ұлдарының да, отбасылық өмірінің де шырқын қатты бұзды. Кейін келінмен достасып, өз ұлына қарсы айдап салуды жақсы көреді. Бұл – айла-шарғыға негізделген тұтас бір жүйе», – деп бөлісті Қахарман.

Үшінші кеңес – бала тумау.

Үшінші кеңесі туралы айтқанда, ол Бишімбаевпен қарым-қатынасының балалары дүниеге келгеннен кейін қалай өзгергенін еске алды.

«Үшінші кеңесім сіздерге дөрекі әрі күтпегендей естілуі мүмкін. Бірақ мен шындықты айттым. Мен оған бала тумауға кеңес бердім. Өйткені ол өте өзімшіл, өзін ғана ойлайтын, инфантильді адам. Сен бар назарыңды балаға аударған кезде, ол бұған қатты қызғанышпен қарайтын. Үшінші балам дүниеге келгеннен кейін оның маған опасыздық жасай бастағанын білдім. Мұндай адам үшін балалар да бәсекелес сияқты көрінетін шығар», – деді Назым Қахарман.

 

Барлық жаңалық