Әнші Мейрамбек Бесбаев 50 жас мерейтойында домбырасының 15 миллион теңгеге сатылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Өнер иесі аукцион ұйымдастырудағы мақсат ақша жинау емес, ұлттық аспаптың қадірін арттыру болғанын айтты.
Еске салайық, әншінің мерейтойлық кешінде домбырасы аукционға шығарылып, оны жақындары 15 миллион теңгеге сатып алған еді. Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде өнер иесіне қатысты түрлі пікірлер айтылып, кейбірі оны сынға алды.
Алайда Мейрамбек Бесбаев бұл әрекеттің астарында басқа мақсат болғанын түсіндірді. Оның сөзінше, достары домбыраның құнын көтеріп, мерейтойды есте қаларлықтай өткізуді көздеген.
«Қазақтар қосқанды жақсы көреміз ғой. “Бұл әртістер құтырған, әбден тойынған” деп жатады. Жігіттер домбыраның қадірін көтергісі келді. Әйтпесе, сол ақшадан ақша алады дейсіңдер ме? Немесе домбыраны сатып, ақшасына мейрамхананың шығынын жабады дейсіңдер ме? Ондай жоқ. Негізі, шынымен де бере алатын мәрт жігіттер ғой. Тек қызық болсын, есте қалсын деп, домбыраның қадірін көтергісі келді», – деді әнші.
Сонымен қатар өнер иесі мерейтойда екі домбыра болғанын айтып, келіні Айжанның біріне ерекше ықылас танытқанын жеткізді. Әншінің айтуынша, келіні қымбат телефоннан гөрі қазақтың ұлы тұлғаларының қолы қойылған домбыраны таңдаған.
«Екі домбыра еді. Келініміз Айжан: “Маған айфон керек емес, ұлылардың қолы қойылған домбыра керек” деп, оның қадірін одан сайын көтерді. Аман болыңыздар. Бәріңізге осы жігіттердің жолы жұғысты болсын», – деді Мейрамбек Бесбаев.