Димаштың әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлері оның әндерін бірге шырқап қана қоймай, қазақ тілін үйреніп, ұлттық мәдениетімізге де ерекше қызығушылық танытып келеді. Сонымен қатар сүйікті әншілеріне деген қолдауларын әр концертте түрлі шығармашылық бастамалар арқылы көрсетіп жүр. Бұл жолы да Мерида қаласындағы концертте Dears өздерінің ерекше ықыласын танытты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Жанкүйерлер «Aqerke» әніне арнайы ақ түсті қатпарлы қағаздан жүрекшелер әзірлеп, әуен ырғағымен тербетіп, залға ерекше көрік пен әсерлі атмосфера сыйлады.
Көрермендердің ыстық ықыласына бөленген Димаш сахна төрінен ризашылығын білдіріп, жүрекжарды тілегін жеткізді:
«Тіпті айтарға сөз таба алмай тұрмын, сіздерге мың алғыс! Бүгін менің үлкен армандарымның бірі орындалған күн. Бала кезімде Латын Америкасына келуді армандайтынмын. Арада жылдар өткенде Жаратқан маған осындай мүмкіндік берді. Бүгінгі концерт, ең алдымен, сіздердің арқаларыңызда өтті. Өзімді өте бақытты жан санаймын, өйткені менің осындай тыңдарманым бар. Қазақстанға келіңіздер, қонағым болыңыздар», — деді әнші.
Кештің тағы бір ерекше сәті — «TAU ISHSINDE» әнінің орындалуы болды. 2025 жылдың жазында тұсауы кесілген бұл туынды аз уақыт ішінде әлемнің әр түкпіріндегі Dears қауымының сүйікті әніне айналып үлгерді. Бүгінде жанкүйерлер оны әр концертте Димашпен бірге орындауды дәстүрге айналдырған. Ән аяқталған соң да көрермендер тарқамай, бүкіл зал болып әуенді хормен жалғастырып, сүйікті әншісіне деген ықыласын тағы бір мәрте көрсетті.
Димаш шығармашылығының ерекшелігі — дәстүрлі музыкалық мұра мен заманауи жанрларды үйлестіре отырып, қазақ тіліндегі авторлық туындыларды әлемдік аудиторияға танытуында. DIMENSIONS гастрольдік турының бағдарламасына енген «Dimensions», «Omir», «SAMGAU», «Moonlight» және «ZHANA KUN» әндері де осы бағыттағы шығармашылық ізденістерінің жарқын көрінісі.
Ал «Ұмытылмас күн» әні шырқалған сәтте Меридадағы концерт ерекше әсерге бөленді. Димаш көрермендердің ыстық ықыласына алғыс ретінде Қазақстан мен Мексиканың туларын көтеріп, екі ел арасындағы достық пен мәдени байланыстың символдық көрінісін жасады. Мыңдаған көрермен болса, «Пай-пай, шіркін, ұмытылмас күн» деген жолдарды қазақ тілінде мүдірмей қосыла шырқады.
Бұл көрініс музыка тілінің шекара талғамайтынын, ал қазақ әні мен тіліне деген сүйіспеншіліктің әлем халықтарының жүрегінен орын ала бастағанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Меридадағы кеш тек концерт қана емес, Қазақстан мен Мексика арасындағы рухани достықтың, өнер арқылы тоғысқан мәдениеттердің ұмытылмас мерекесіне айналды.